Тіркелмеген көлік жүргізушілерінің кесірінен 132 адам көз жұмды - министр
2020 ж. 17 қаңтар
1809
0
ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Хабар арнасындағы "Ашық диалог" бағдарламасында өзге елде тіркелген автокөліктерге тыйым салуға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды baq.kz.
Министрдің айтуынша, бұл шараларда қосарланған стандарт жоқ.
Адамдар шетелде тіркелген автокөлікті сатып алғанда есепке қою, баж және салық төлеу керектігін жақсы білді. Бірақ, соған қарамастан саналы түрде сырттан көлік әкеліп, оны тіркеуге қоймады. Мұнда автокөліктің қаупі жоғары мүлік екенін, оның иесі болуы керектігін түсінген жөн. Енді тіркелмеген көлік иелері жол ережесін бұзып, апат орнынан қашып, еш жазаға ілінбейтіндерін білді. Осындай жүргізушілердің кесірінен ІІМ дерегі бойынша, 132 адам көз жұмды, - деді министр Хабар арнасындағы "Ашық диалог" бағдарламасында.
Оның айтуынша, көптеген көліктерге тыйым салынған, ұрланған немесе кепілде тұр. Егер олардың иелеріне сот приставы келсе, бұл мүлік заңды түрде алынады.
Және ең қызығы, осы көліктердің қазақстандық иелері мемлекеттен әділдікті талап етіп, наразылық білдіреді. Олар салық пен айыппұлдан жалтарады. Елімізде шетелдік тіркеуі бар 200 мың машина бар. Олар біздің жолымызда жүреді, ауамызды ластайды, бірақ олар үшін өзіміздің заңды сақтайтын азаматтарымыз ақы төлейді, - деді Дәурен Абаев.