Қытайда жаппай тараған белгісіз ауруға 59 адам шалдықты
2020 ж. 09 қаңтар
2458
0
Қытайдың Ухань қаласында шыққан белгісіз вирусты пневмонияның шығуына коронавирустың жаңа түрі себеп болды, деп хабарлады baq.kz.
7 қаңтардың 21:00-дегі жағдайы бойынша зертханалық зерттеулердің нәтижесінде коронавирустың жаңа түрі анықталды. Нуклеин қышқылы әдісімен жасалған сынақтардан кейін коронавирустың жаңа түрімен ауырған 15 адам анықталды. Сарапшылардың болжамы бойынша, бұл белгісіз вирусты пневмония ауруының себебі – коронавирустың жаңа түрі, - делінген телеарна хабарламасында.
Мамандардың айтуынша, эпидемиологиялық тексерулерді әлі де жалғастырып, аурудың клиникалық көріністерін зерттеу қажет.
Айта кетейік, желтоқсан айының соңында Қытай билігі Хубэй провинциясындағы Ухань қаласында шыққан беймәлім пневмонияның таралуы туралы хабарлады.
5 қаңтардағы жағдай бойынша қалада вирустық пневмония ауруының 59 жағдайы тіркеліп, 7адам ауыр жағдайда жатыр. Дәрігерлердің бақылауында науқастармен тығыз байланыста болған тағы 163 адам бар.
Эпидемиологиялық тексеріс барысында кейбір пациенттің жергілікті теңіз өнімдері нарығында жұмыс істегені анықталды. Қазіргі кезде ауру адамнан адамға берілетіні туралы нақты белгілері анықталған жоқ, адам өлімінің жағдайлары тіркелген жоқ.