Балықтардың жаппай қырылуына кінәлі шенеунік 2 жыл 6 айға сотталды
2019 ж. 26 желтоқсан
2072
0
«Атырау су арнасының» бұрынғы басшысы Руслан Құрметов бас бостандығынан айырылды. Ол Жайық өзеніндегі балықтардың жаппай қырылуына кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 айға сотталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ, директордың бұрынғы орынбасары Виктор Сущенко мен су тазалау стансасының басшысы Михаил Чурсинге де дәл сондай мерзім берілді. Енді олар 3 жыл мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқара алмайды.
Сот «Атырау су арнасынан» Атырау облыстық орман және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының пайдасына - 13 миллион 924 мың теңге, Жайық-Атырау бекіре зауытының пайдасына - 429 миллион 438 мың теңге, «Луговой жылқы зауытына - 1 миллиард 500 миллион 859 мың теңге мөлшерінде материалдық шығынды өндіріп алу жөнінде үкім шығарды.
Естеріңізде болса, өткен жылы желтоқсан айының басында Атырау қаласының маңында балықтар жаппай қырылып қалған болатын. Үш күннен кейін ғана Экология департаментінің қызметкерлері су сынамасын алып, бірнеше балық өлексесін зерттеуге жіберген.