Елорданы қардан тазартуға екі айда 1 млрд теңге жұмсалды
2019 ж. 24 желтоқсан
1739
0
Екі ай ішінде елордадан 1 млн текше метрден аса қар шығарылды. Оған 1 млрд теңгеден аса қаржы жұмсалған.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев астананың коммуналдық қызметінің түнгі ауысымдағы жұмысын қадағалау кезінде мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо.
Қала әкімінің орынбасары бастаған жұмыс тобы алдымен жұртшылық көп қатынайтын "Нұрлы жол" вокзалының айналасын тексерді.
Бас қаланы қардан тазалау жұмыстары үш ауысыммен жүргізіледі. Бүгін қаланы қардан тазартуға 900 арнайы техника бірлігі жұмылдырылды. Олардың басым бөлігі – "самосвал", қар тиейтін көлік, автогрейдер секілді техникалар. Сонымен қоса түнгі ауысымда жол жиегін тазалау үшін 200 жұмысшы жасағы шықты. Бір айта кететіні, күндізгіге қарағанда түнгі ауысымда шығатын жұмысшылар саны аздау болады. Күндіз 1500-ге жуық жұмысшы мен 1000-ға тарта техника қар тазалайды. Түнгі ауысымдағы қызметкерлер кешкі сағат 21:00-ден таңғы 05:00 аралығында жұмыс істейді. Жиналған қар қала сыртындағы арнайы полигондарға шығарылады. Қаламыздың әр ауданына бөлінген полигон бар, - деді Алтынбек Қайсағалиев.
Әкім орынбасары өз сөзінде себілген реагенттер мен құм-тұз қоспалары көктайғақтың алдын алатынын ерекше атап өтті. Ал бұл жұмыстар жүргізілмес бұрын алдымен маңызды орындар белгіленіп алатынын тілге тиек етті.
Қар тазалауда алдымен жаяу жүргіншілер мен жол төсемдерін, көлік ағынының кедергісіз өтуі қамтамасыз етіледі. Осыдан кейін тротуарлар, кірме жолдар, сондай-ақ мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандар аумағы қардан тазартылады. Қаланың оң жағалауы мен сол жағалауы жеке-жеке қарастырылмайды. Бәріне бір деңгейде көңіл бөлінеді, - деді ол.
Естеріңізге салсақ, бұрнағы күндері өткен баспасөз мәслихатында елорда әкімі Алтай Көлгінов тапсырыс берілген техникалардың бір бөлігі жеткізілгенін, тағы бір бөлігі жақында әкелінетінін айтқан болатын. Бұл тұрғыда ескі техникалардың жағдайы қалай болатынын түсіндірген Алтынбек Қайсағалиев қала бойынша қанша мердігер ұйымның жұмыс істейтінін, әкімдік тарапынан қар тазалау жұмысына қанша көлемде қаржы бөлінгенін айтып өтті.
Қазіргі уақытта 157 арнайы техника сатып алынды. Алайда ескі техникалар есептен шығарылмайды. Олар әрі қарай да қолданыла береді. Ескі техникалардың бір кемшілігі тез бұзылады, көбірек жөндеуді талап етеді. Осыған байланысты жаңа техникалар сатып алу қажет болды. Жаңа техникалар қаңтар айынан бастап іске қосылады. Бүгінгі таңда қала бойынша тазалық жұмысының 30 пайызын "Астана Тазалық" ЖШС жүргізеді. Одан бөлек жеке 65 мердігер компания жұмыс істейді. Ал бөлінген қаржы шығарылған қардың көлеміне тікелей байланысты. Бүгінге дейін 1 млн текше метрден астам қар шығарылды. Жалпы есептейтін болсақ, екі ай ішінде қардан тазалау жұмысына 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалып үлгерді. Осыған қарап, әр ауданға шамамен 300 млн теңгеден бөлініп отырғанын байқауға болады, - деді А.Қайсағалиев.
Мамандардың мәліметінше, қала тұрғындары тарапынан аула ішін қардан тазалауға қатысты шағым жиі түседі. Бұл ретте Алтынбек Қайсағалиев тұрғындардың белсендірек болуы керектігін айтты.
Әр үйге қызмет көрсететін компаниялар, ПИК-тер аула ішін қардан тазалауды бақылауда ұстауы керек. Үйден 5 метр қашықтыққа дейін тұрғындардың өздері тазалауы тиіс. Ал тиісті деңгейде жұмыс істемеген ұйымдарға айыппұлдар салынып жатыр. Шынын айту керек, жұмысына асқан ұқыптылықпен де, жүрдім-бардым да қарайтын компаниялар бар. Қазір олармен тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сол сияқты тұрғындар тарапы да белсенді болуы керек. Қар тазалау жұмыстарын талап ету тиіс. Себебі қызмет көрсететін компанияларға ақшаны тұрғындар төлеп отыр, - деп түйіндеді ол.