Тоқаев: Бізге парламенттік оппозиция институты қажет
2019 ж. 20 желтоқсан
1694
0
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде парламенттік оппозиция институты қажет екенін айтып, үкіметке тиісті ұсыныстар мен заң жобасын әзірлеп, парламентке енгізуді тапсырды. Тоқаев бұл туралы бүгін, 20 желтоқсанда өткен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысындай айтты, - деп хабарлайды qamshy.kz.
Оның айтуынша, билік балама пікірлер мен қоғамдық талқылау тоқыраудың басы емес, дамудың басты талаптарының бірі екеніне көз жеткізген.
- Бізге парламенттік оппозиция институты қажет. Біз жаңа қоғамдық парадигманың басты шарты баламалы көзқарастар мен пікірлер екенін түсінуіміз керек. Соңғы жылдары өз ұстанымдарын ашық білдіріп жүрген белсенді азаматтар бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселені шешуге атсалысты. Біз балама пікірлер мен қоғамдық талқылау тоқыраудың басы емес, дамудың басты талаптарының бірі екеніне көз жеткіздік. Сондықтан парламенттегі саяси азшылықтың негізін заң жүзінде бекіту қажет, - деді Тоқаев.
Президент бұл үшін парламент туралы заңды саяси азшылыққа кепілдік беретін нормалармен толықтыру қажет екенін атап өтті.
"Мысалы, басқа да партиялардың өкілдері парламенттегі кейбір комитеттердің төрағасы лауазымын иелене алатындай жағдай жасау керек. Бұл биліктің заң шығару тармағындағы баламалы қызметтің жүйелі жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді ол.
Кеңес отырысында Тоқаев осы және басқа да бастамалар бойынша үкіметке президент әкімшілігімен бірлесіп, тиісті ұсыныстар мен заң жобаларын әзірлеп, парламентке енгізуді тапсырды.