Қазақстанда тұңғыш рет 4 педофилге кастрация жасалды
2019 ж. 03 желтоқсан
1877
0
Қазақстанда 4 сотталған педофилге химиялық кастрация жасалып жатыр - процедура бір реттік емес, жарты жылға созылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ІІМ ҚАЖК-нің Tengrinews.kz тілшісінің ресми сауалына берген жауабында қазіргі уақытта сот шешімі бойынша кастрация шарасы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде қолданылып жатқаны айтылады.
"Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстары және Шымкент қалаларындағы ҚАЖ мекемелерінде төрт сотталушыға аумақтық денсаулық сақтау органының медицина қызметкерлері тексергеннен кейін химиялық кастрация түрінде мәжбүрлеп емдеу қолданылады", - делінген хабарламада.
ҚАЖК мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне 11 сотталған адам химиялық кастрация түрінде мәжбүрлеп емдеуді тағайындау туралы сот қаулысымен келген.
Педофилдерге қатысты химиялық кастрация рәсімі жазасын өтеу орны бойынша орындалады. Құқықтық статистика комитетінің ақпараты бойынша, елде екі жыл ішінде 15 адамға қатысты химиялық кастрация түріндегі үкімі шығарылып, заңды күшіне енген.
Химиялық кастрациядан жалтарған жағдайда ҚР ҚК-нің 427-бабында бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделген. Химиялық кастрация сот-психиатриялық сараптама нәтижелері бойынша сот шешімі негізінде жүргізіледі. Колонияға келген сотталғандарды дәрігерлік-консультациялық комиссия қарайды, ол азаматтық денсаулық сақтаудың медициналық бейінді мамандарынан (эндокринолог, уролог, психиатр және терапевт) тұрады.
Еске салайық, Қазақстанда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап педофилдерді химиялық кастрациялау туралы заң күшіне енді.