Елорда тұрғындары осымен екінші күн жарықсыз отыр
2019 ж. 11 қараша
1966
0
"Нұрсая-2" тұрғын үй кешенінің тұрғындары көпқабатты үйге жарық қосылмағанын мәлімдеді.
"Аулада генератор жұмыс істеп тұр, бірақ пәтерде жарық жоқ. Жылу мен су ғана қосылды", - деді Sputnik Қазақстан тілшісіне тұрғындардың бірі.
Айта кетсек, елорданың сол жағалауындағы пәтерлерде газ емес, электр плиталары орнатылған. Сол себепті астаналықтар жарық болмаса, тамақ та пісіре алмайды.
Бұған дейін елорда әкімдігі жарықсыз қалған барлық тоғыз тұрғын үй кешені электр энергиясымен қамту желісіне қосылғанын хабарлаған еді.
"Уют", "Краун Плаза", "Тұмар" (екі үй), "Арт Хаус", "Вива плаза" ,"Алатау", "Сулы-жасыл желек бульвары" жарыққа қосылды", - делінген әкімдіктің хабарламасында.
Алайда "Сулы-жасыл желек бульварындағы" бизнес орталығында істейтін компаниялардың өкілдері Sputnik Қазақстанға кеңселерде электр энергиясы жоқ екенін айтты.
Еске сала кетсек, 10 қараша күні түнгі сағат екіде "Левобережная" қосалқы станциясында авария болды. Кабель каналы өртеніп кеткен.
Салдарынан жеті тұрғын үй кешені мен 25 әкімшілік ғимарат, соның ішінде Ақорда, үкімет, Жоғарғы сот, сенат пен мәжіліс, министрліктер үйі жарықсыз қалды.