«Ақ жол» «Күнделік» қосымшасын уақытша тоқтатуды сұрады
2019 ж. 30 қазан
2446
0
«Ақ жол» партиясының депутаты Кеңес Абсатиров вице-Премьер Бердібек Сапарбаевқа «Күнделік» қосымшасында ақаулардың болуына байланысты оны уақытша тоқтату жөніндегі депутаттық сауалын жолдады.
Бұл «Ақ жол» фракциясының аталмыш ақпараттық қосымшаға байланысты жіберген алғашқы сауалы емес екенін айтып өту керек.
Фракцияға келіп түскен сайлаушылардың шағымына (23 қазандағы) қарағанда, мәселенің әлі де шешілмегенін көреміз.
«Тоқсан аяғында мұғалімдер оқушылардың қорытынды бағасын қоюы шарт. Ал, Білім және ғылым министрлігінің «Күнделік» электронды журналын уақытылы толтыру жөніндегі талабын сайттағы ақаулардың кесірінен орындау мүмкін болмай жатыр. Ведомствода мұғалімдердің «Күнделікті» бір уақытта толтырғанда сайттың қатып қалатынын ескермеген болу керек», - делінеді сауалда.
«Егер жүйе мұндай салмақты көтере алмайтын болса, онда оны еліміздің әрбір түкпір-түкіпіріне енгізудің қажеті не? Әрі бұл мәселенің жыл сайын көтеріледі!
Еліміздегі 700-дей мектепте интернет әлсіз, ал 100 шақты мектеп ғаламторға мүлдем қосылмаған. «Күнделік» порталындағы ақауларға байланысты мұғалімдер оны түнгі уақытта толтыруға мәжбүр.
Ауыл мұғалімдері болса, интернеттің жоқтығынан аудан орталықтарына барып, не «Күнделікті» қаладағы туыс-туғандары арқылы телефонмен толтыруда.
Жүйе 500 сұраудан кейін тоқтап қалып жатыр. Елімізде 2 млн 800 мың оқушы бар десек, әрбір минут сайын сайтқа екі мың сұраным түседі. Яғни, теориялық тұрғыда жүйенің толыққанды жұмыс істеуге қауһарсыз екенін айтуға болады», - деді Кеңес Ғапарұлы.
Депутатты, сондай-ақ, қосымшада күмән туғызар жарнаманың орнатылуы алаңдатады. Мысалы, 20 қазан күні, қосымшада емтихан тапсыруға арналған христиандық дұғаның, Інжілдің, иконалардың және т.б. діни атрибутиканың жарнамасы тұрған.
«Ақ жол» діни насихаттың та, оқу процесіндегі кез келген жарнаманың да «Білім беру туралы» Заңына қайшы келетініне сенімді. Егер бұл хакерлердің әрекеті болса, онда ол қосымшаның әлсіз екенін қайта дәлелдейді. Бұл факт, «Ақ жол» партиясының 2018 жылғы 11 сәуір мен 2019 жылғы 30 қаңтарында жолдаған сауалдарында көтерілген - біздің балаларымыздың жеке мәліметтерін қорғау мәселесіне әкеледі.
«Ақ жол» партиясы жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып, еліміздегі барлық мектеп интернетке қосылмайынша, «Күнделік» қосымшасын міндетті пайдалану талабын шегере тұруды сұрайды. Осы аралықта жүйені қауіпсіздік және ақауды жөндеу тұрғысынан жетілдіру керектігін де айтты.