Сауда орталығының еденіне құлпытастардан жасалған мәрмәр тақтайшалар төселген
2019 ж. 29 қазан
2038
0
Аяқ астында тапталған құлпытас. Өскемен тұрғыны қаладағы сауда орталығының еденіндегі мәрмәрден адамның суретін көрген. Анықтай келе бұл қайтыс болған азаматтың басына қойылған естелік белгінің бір бөлігі екені анықталыпты.
Бұл жаңалықты естіген марқұмның туыстары есінен танып, денсаулықтары нашарлаған. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Өскемендегі сауда орталығының кәдімгі едені. Қайтыс болған адамның суретімен «көркемдеп» тастапты. Осыдан 15 жыл бұрын өмірден өткен әкесінің суреті жерде жатқанын көрген Наталия Андреева басында өз көзіне өзі сенбеген. Осыдан 5 жыл бұрын шеберлерге тапсырыс беріп құлпытасты жаңартқан екен. Ескісі еденнен бірақ шығыпты.
“Сауда үйінің әкімшілігінде істейтін бірде бір қызметкер өзінің көз жұмған туыстары мен әке-шешесінің жүзі бейнеленген еденді басып жүргуге дәті бармас еді. Айтарға сөзім жоқ. Алғаш бұл ақпаратты көргенде есімнен танып қалдым. Бұл туралы айтудың өзі жүрекке салмақ түсіреді», - деді марқұмның қызы.
Бұл суретті алғаш болып желіге жариялаған - Диляра Аманаева. Фотоны бір күннің ішінде мыңнан аса адам көріп, пікір қалдырған. Өскемен тұрғыны бұл мәселені жылы жауып қоя салмай, кінәлілерді жазалау үшін желіге ақпаратты салып жіберген.
“Бұл дүниеге бейжай қарап өтіп кете алмайсың. Мен мұны ашық вандализм деп атар едім. Сауда үйі тек қана кешірім сұрап қоймай, өзінің кінәсін жуып шаю үшін бірқатар ойлы қадамға баруы керек», - деді қала тұрғыны Диляра Аманаева.
Шеберхана мамандары бұл вандализмнің көрінісі емес деп отыр. Зираттан барып құлпытастарды ешкім ұрламағанын қоса айтты. Пайдаға аспай қалған артық тақталарды олар мердігерлерге беріп жіберген екен.
“Бізге көп тапсырыс түсе қоймайды. Бірақ осы жолы құрылыс аймағы үлкен болғандықтан, барлық қалдықтарды алып кетті. Сауда үйіндегі еденді басқа компания ауыстырған. Солар мұндай түсініспеушілік болмауы үшін қарауы керек еді ғой», - деді шебехана директоры Владмимир Козырев.
Тақталарды еденге төсеу кезінде құрылысшылар жұмыстарына неліктен салғырт қарағаны белгісіз. Қалай болғанда да суреті сауда үйінің жерінен бірақ шыққан марқұмның туыстары полицияға арыз жазыпты.
«ҚР ҚК 294 бабына сәйкес вандализм қылмыстық іс бойынша қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Өскемен қаласының бір тұрғынынан арыз түскен. Сол қылмыстық іс бойынша қазір жоспарланған тергеу әрекеттеріне байланысты полиция бөліміне кісілерді шақырып жауап алынуда», - деді тергеу бөлімінің басшысы Жасұлан Игінісов.
Сауда орны жұмысын тоқтатпаған. Орталық мамандары әзірге ләм-лим деп ауыз ашқан жоқ. Бұл оқиғаға қатысты пікір білдіруден де бас тартып отыр. Су жаңа төселген еденнен марқұмның бейнесі алынып тастала ма жоқ па ол жағы белгісіз. Бір анығы тергеу жұмыстары басталып кетті.