Петропавлда 83 жастағы кейуана құдыққа құлап кетті
2019 ж. 25 қазан
1785
0
Петропавлда абайсызда құдыққа құлап кеткен 83 жастағы зейнеткерді құтқарушылар аман-есен алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқыс оқиға 24 қазанда сағат 15.00 шамасында Петропавлдағы Изумруд саяжайында болған. Шетен жемісін үзіп алмақ болған қала тұрғыны абайсызда артқа құлап кеткен. Аяқ астында қаңылтырмен жабылған құдық бар екен. Жұқа темір бар салмағымен құлаған әйелді көтермей, опырылып түскен.
Ені шамамен - 1 метр, тереңдігі - 3 метр болатын шұңқырдан кейуананы өз күшімен шығара алмаған құрбылары құтқарушыларға телефон шалып, көмекке шақырады.
«Кеше сағат 15:04-те ересек адамның құдыққа құлағаны жайлы ақпарат түсті. Шамамен 10-15 минуттың ішінде оқиға орнына жетіп, зардап шегушіні құдықтан тартып алып шықтық», - дейді СҚО ТЖД құтқару бөлімінің бас құтқарушысы Саян Ахметжанов.
Оқиға орнына жеткен мамандар зейнеткерді аман-есен құдықтан алып шықты. Оған бірден алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, Петропавлдағы №3 қалалық ауруханаға жеткізді. Бірнеше минут белуардан суда тұрған зейнеткер қатты тоңған екен, дәрігерлер әйелге гипотермия диагнозын қойды.