Аймағамбетов білім министрлігі қайта құрылатынын мәлімдеді
2019 ж. 18 қазан
3227
0
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзі басқарып отырған министрліктің қайта құрылатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды sputniknews.kz.
Аймағамбетовтың айтуынша, министрлік жұмысына жүргізілген талдау нәтижесінде біраз мәселе өзгерістерді қажет ететіндігі анықталған.
Мәселен, мектепке дейінгі және орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру секілді негізгі департаменттер өздеріне тән емес қызмет атқарады. Сонымен қатар, функциялардың қайталануы мен қарама-қайшылықтар баршылық.
"Құрылымдық бөлімшелердің жүктемелерін талдау да осындай сәйкессіздіктердің көп екендігін көрсетті. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің бір қызметкерінің жүктемесі басқа сервистік департаменттегіден 7 есе артық. Осы және басқа да мәселелерді шешу үшін министрліктің құрылымында бірқатар өзгерістер орын алмақ", - деп хабарлады министр Facebook-тегі жеке парақшасында.
Енді мемлекеттік сатып алу, орындалған жұмыстардың актілерін қабылдау, бюджетті игеру, техникалық сипаттамаларды жасау сияқты барлық міндет қаржы департаментіне жүктеледі.
Бюджеттік өтінімдерді әзірлеу мәселелерімен алдағы уақытта бюджеттік жоспарлау департаменті айналысады.
"Вице-министрлер мен салалық департаменттер тек ғана өз бағыттары бойынша мемлекеттік саясатты қалыптастырумен, осы салалардағы қызметті құқықтық қамтамасыз етумен және үйлестірумен айналысады", - дейді Аймағамбетов.
Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті Сапаны қамтамасыз ету жөніндегі комитет болып қайта құрылады. Демек, комитеттің миссиясы мен міндеттері де өзгереді. Ендігі міндет - тәртіп бұзушылықты тексеру мен анықтау ғана емес, сонымен бірге әдістемелік көмек көрсету.
"Өйткені, мақсатымыз - тексеру емес, сондықтан комитет қандай сыныпта, қандай тақырып бойынша, қай жерде кемшін тұс, түйткілді жерлер бар екенін көрсетіп, осы мәселені шешу үшін егжей-тегжейлі ұсыныстар беретін болады", - дейді министр.
Мектепке дейінгі және орта білім департаменті комитет болып құрылады, қызметкерлер саны басқа бөлімшелердің жұмыскерлерінің есебінен артады.
Бұл ретте министрліктің жалпы штат саны артпайды, оның үстіне бос жұмыс орындары есебінен біраз қысқарту жоспарланып отыр.
"Өзгерістер әдетте адамдарды жайлы орыннан қозғайтыны белгілі. Дегенмен, бизнес-үдерістері, лауазымдық нұсқаулықтар және әрбір бөлімше мен қызметкердің функционалы нақты айқындалып, негізгі басымдықтар мен міндеттердің дұрыс қойылуына, өз кезегінде жұмысымыздың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретіндігіне сенімдімін", - деп түйіндеді сөзін Аймағамбетов.