«Ақ жол» партиясы жеке кәсіпкерлердің патентін сақтап, бақылау-кассалық аппараттарды енгізуді міндеттеуді 2023 жылға дейін тоқтата тұруын қайта сұрайды
2019 ж. 16 қазан
1826
0
«Ақ жол» партиясы Қаржы министрлігінен жеке кәсіпкерлердің патентін сақтап, бақылау-кассалық аппараттарды енгізуді міндеттеуді 2023 жылға дейін тоқтата тұруын қайта сұрайды – осындай депутаттық сауалды бүгін Дания Еспаева Қаржы министрі Әлихан Смайыловқа жолдады.
Естеріңізде болса, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке кәсіпкерлерді толығымен онлайн бақылау-кассалық аппаратына көшіру міндеттелген болатын. Депутаттың сөзінше аталмыш өзгеріс шағын бизнес иелеріне едәуір салмақ түсіреді.
Себебі ақпарат алмасу функциясы қосылған жаңа бақылау-кассалық аппаратының шығыны (аппараттың өзін, оның банктік және РОS-терминалы комиссиясын қоса алғанда) – шағын бизнес пайдасының 30%-н құрамақ. Ал ол қосымша шығынның пайдасы бюджетке емес, жеке компанияларға, банктерге, Қазақтелекомге кетеді.
«Сондағы парадоксты қараңыз: мемлекет бір жағынан күнкөрісі төмен азаматтарды қолдауға миллиардтаған қаржы бөлсе, екінші жағынан осындай қосымша жүктемелер арқылы бар кәсіпкердің өзін «шығарып тастауда», - дейді Еспаева.
Бұның алдында, дәлірек 15 мамырда, «Ақ жол» партиясы арнайы салық режимінде жұмыс істеп жатқан жеке кәсіпкерлерге патенттің сақталуын сұраған болатын. Депутаттардың бұл өтініші 13 маусымдағы хатқа сәйкес құпталмаған еді.
Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Халыққа жолдауында «Біз шағын бизнесті қолдауымыз қажет. Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырамын» деген болатын.
«Осы себепті арнайы салықтық режімдегі жеке кәсіпкерлерді жаңа бақылау-кассалық аппараттарын пайдалануға міндеттеуді, тым болмағанда 2023 жылға дейін, тоқтата тұру керек деп есептеймін», - деп қорытындылады өз сөзін ақжолдық депутат.
«Ақ жол» партиясына шағын бизнес өкілдерінен салықшылардың міндеттемесіне байланысты көптеген шағымдардың түсіп жатқанын айтқан жөн. Сол себепті «Ақ жол» партиясы бұл мәселенің қайта қаралуын сұрайды.