Балалар ауруханасының екі зертханашысы жаға ұстатарлық мәлімдеме жасады
2019 ж. 15 қазан
5070
1
Шымкенттегі балалар ауруханасынан шу шықты. Зертхананың қос қызметкері ауруханада ақылы жасалған сараптама қорытындылары жалған деп мәлімдеді. Тіпті мерзімі өткен дәрілер қолданылып келген.
Шымкенттегі клиникалық балалар ауруханасының қос зертханашысы жаға ұстатарлық жағдайға куә болғанына жылдан асқанын айтады. Бірі дәрігер-лаборант, екіншісі фельдшер-зертханашы болып жұмыс істейді. Айтуларынша, бұл жерде өзге емханалардың да анализдері талданады, деп хабарлады "Астана" арнасы.
"Қаланың барлық емханасы келісімшартқа тұрады. Олар бізге анализ жасап беру үшін ақша аударады, мүгедек балалар, жүкті әйелдер, ересектер, балалар – барлық анализ келеді. Бірақ оны өтірік қабылдап алған болады да, кеткесін ол қоқысқа тастайды", - дейді дәрігер-лаборант Раушан Төрегелдиева.
Оның айтуынша, талдау қорытындысы алуға келгендерге қолдан жалған ақпарат жазып беріп отырған.
"Антибиотикті сезгіштік, бактерияның бар-жоғы туралы мәліметтің бәрі өтірік, ойына не келеді соны жазып отырған. Тексеру ешқашан болған емес, анализ істелінбеген",- деп толықтырды ол.
Олар сараптама жасалған күнде де, сақтау мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен препараттар қолданылып келгенін айтып отыр. Олардың сақтау күнін жасыру үшін қағазын өшіріп, жаңасын жапсырған көрінеді. Дәлел ретінде бейнежазбаны ұсынды.
"Біз зертханада инфекцияларды өсіру жолымен баланың қандай антибиотиктерге сезімтал екенін анықтаймыз. Сөйтіп қандай антибиотик әсер ететінін айтып береміз. Мерзімі өтіп кеткен дәрінің күші болмайды, бактериялар жақсы өспейді. Анализ дұрыс берілмейді", - дейді фельдшер-лаборант Гүлнәр Сәрсенбаева.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы мәселені бақылауына алды. Қызметтік тексеріс те басталған. Ол бұл жазба әлдекімдердің арандатуы болуы мүмкін деп топшылайды.
"Неғылған құты екенін сұраттым, тіркеу нөмірі бойынша тексергенде бұл тауарлар біздің реестрде тіркелмегені анықталды. Демек ол құтыларды сырттан әкелген болуы мүмкін. Соған қарап, алдын ала мен бұны әлдекімдердің арандатуы деп ойлап отырмын", - деп Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев.
Қазір осы істің ақ-қарасын анықтауға полиция мен прокуратура да жұмылдырылды. Шымкенттің бас дәрігері егер қолдан ұйымдастырылғаны анықталса, кінәлілердің барынша қатаң жазалануын талап етемін деп отыр.