Бердібек Сапарбаев алматылықтармен кездесті
2019 ж. 28 қыркүйек
1953
0
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкімет делегациясы Алматы қаласының қоғам өкілдерімен кездесті.
Бердібек Мәшбекұлының айтуынша, ел бюджетінің 45 пайызы әлеуметтік салаға бөлінеді екен. Жыл сайын аз қамтылған азаматтарға 477 млрд. теңгеден астам қаржы адрестік әлеуметтік көмек ретінде беріледі. Биыл жыл аяғына дейін осы АӘК жаңа механизмін жасаумыз қажет. Одан кейінгі бұл жердегі ең үлкен талап – жұмысқа қабілеті бар отбасылардың азаматтары жұмысқа орналасу керек. Олар үшін енді барлық жағдай жасалған. Мамандығы жоқ болса, олар оқып, ұсынылған сол мамандық бойынша жұмысқа орналасуға тиісті. Студенттің алдында тұрған ең басты міндет – жақсы білім алып, ел үшін еңбек ету. Жат ағымдардан абай болу керек. Елімізде жастарды қолдауға арналған бағдарламалар көп.
Үкімет басшысының орынбасары сондай-ақ мемлекет тарапынан елдегі кәсіпкерлікке айтарлықтай қолдау көрсетіліп келе жатқанына тоқталды. Бердібек Мәшбекұлы бизнес үшін көптеген жеңілдіктер жасала бастағанын, бұған қоса Президент келесі жылдан шағын және орта бизнес өкілдерін үш жылға дейін салықтан босатылатынын жеткізді.
«Біз бүгінгі таңда жылжымалы жұмыс беру орталықтарын аштық. Осы үш қалада. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласында. Қазір олардың саны жиырма сегізге жетті. Ондағы мақсатымыз – ол базардағы жүрген мамандығы жоқ жастарды оқыту, мамандық беру, одан кейін жұмысқа орналастыру. Екінші бір мәселе – оларға мемлекеттің қолдауын, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, айту. Бүгінгі таңда елдегі төрт жүз мың отбасы, яғни елі миллиондай отандасымыз адрестік әлеуметтік көмекпен қамтылған. Қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау – мемлекеттік органдар мен жалпы азаматтық қоғамның басты міндеті», – деді вице-премьер.
Кездесу соңында жиынға қатысушылар Бердібек Сапарбаев пен оның командасына рахмет айтып, істеріне табыс тіледі. Үкіметтік делегация құрамында – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов, Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова және Денсаулық сақтау және Білім вице-министрлері болды.
qazaquni.kz