Арыс тұрғындарына 100 мың теңгеден өтемақы төленіп жатыр
2019 ж. 21 тамыз
2490
0
Түркістан облысында жарылыстан зардап шеккен арыстықтарға қолдау ретінде ел болып жинап берген қаржы өз мақсатына жұмсалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Облыс әкімдігі жанынан құрылған арнайы қорға Қазақстанның барлық аймағынан 2 млрд 300 млн теңге қаржы жиналған. Бұдан бөлек 1 млрд теңгені облыс әкімдігі бөлсе, республикалық бюджеттен 3 млрд теңге аударылды. Қазір осы қаражат есебінен Арыс қаласының тұрғындарына өтемақы ретінде 100 мың теңгеден төленіп жатыр.
Айта кетейік, өтемақыны алуға 62 мыңнан астам адам өтініш берген. Алайда көші-қон полициясының тексерісінен кейін олардың 57 мыңының ғана Арыс қаласында тұрақты тіркеуде тұрғаны анықталды. Қалған 7 мыңнан астам азамат тіркелмеген. Облыс әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаевтың айтуынша, қазір олардың ісімен арнайы комиссия айналысып жатыр.
Жолдымұрат Аманбаев, облыс әкімінің орынбасары:
- Тіркелмеген, сол кезде болмаған 7599 адамның 3 мыңға жуығы басқа қалада тіркелген. Кейбіреуі 24-інен кейін тіркелген. Біраз адамы мүлде тіркелмеген. Сондықтан шешім қабылданды, егер тұрғындар нақты Арыс тұрғыны болса, жұмыс істейтін болса темір жолда, мектепте болсын, ауруханда болсын, тіркелмеген балалары бар, өздері бар, солар келіп, құжаттарын тапсырады. Арнайы комиссия шешім қабылдап, шешім қабылдағаннан кейін қосымша осы қаражатты аударып отырамыз.