Көктөбедегі өрт бойынша қылмыстық іс қозғалады
2019 ж. 12 тамыз
1891
0
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Көктөбе бөктерінде тұтанған өрт аумағына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін Көк-Төбе тауының оңтүстік-батыс баурайында үлкен өрт болды. Оқиға болған жерге келдім. Қаланың өртке қарсы негізгі күштері: ТЖД-ның жеке құрамының және коммуналдық қызметтердің 1500-ден астам қызметкері, 70 арнайы техника жұмылдырылды. Оқиға жайында ІІМ және Қорғаныс министрлерімен сөйлестім. Қазіргі уақытта 10 гектар аумақтағы өрт ауыздықталды. Жағдай бақылауда. Қалаға қауіп жоқ», - деп жазды Б.Сағынтаев Instagram-да. Қала әкімінің айтуынша, өртке қарсы қызмет күші қарауылдау режіміне көшті.
«Өрттің себебін анықтау үшін қылмыстық іс қозғалады. Өрт сөндіруге қатысып, ерлік танытып, тілсіз жаудың қалаға тарауына жол бермегендерге алғыс айтамын», - деп қосты шаһар басшысы.
Еске салайық, жексенбі күні Көктөбенің бөктерінде құрғақ шөп өртенген болатын. Төтенше жағдайды жоюға екі тікұшақ жұмылдырылды. Сондай-ақ ТЖД-ның 42 адамы мен 9 техникасы, «Алматы Тазалық» МКК-ның – екі және Алматы қалалық Құтқару қызметінің бір суару техникасы жұмыс істеді. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов жалын сағат 19.58-де толығымен өшірілгенін мәлім етті. Ал Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Серік Әубәкіров өрттің жеке секторға ауысуының алды алынғанын, департаменттің жеке құрамы кезекшілік атқару үшін оқиға орнында қалатынын айтты. Сәл кейінірек, С.Әубәкіров өрт болған бірінші аумақтан төменгі тұста тағы бір ошақ тұтанғанын жазды. Құтқарушылар тілсіз жаумен күрес барысында бір адамның денесін тапты. Оның жынысы мен тұлғасы анықталуда.