Қарағандыда 150 жұмысшы жарты жылдан бері жалақысын ала алмай жүр
2019 ж. 25 шілде
1876
0
Қарағанды облысында 150-ге жуық жұмысшы жарты жылдан бері жалақысын ала алмай отыр, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Телеарнаның мәліметінше, алматылық "25-көпір құрылысы отряды" серіктестігі оларға 6 айдан бері айлық төлемеген. Енді жұмысшылар жалақысын алмайынша жұмысқа шықпаймыз деп отыр. Айлықты кешіктіруді әдетке айналдырған құрылыс компаниясы болса, сол баяғы "құрғақ" уәдемен шектеледі дейді.
"Кредитке ақша керек, тамаққа ақша керек. Бала-шағамыз ертең сабаққа барады, оған ақша керек. Кредитіміз сотқа береміз деп жатыр, оған керек. 6 айдан бері айлық алғамыз жоқ. "Болады, болады" дейді. Бірақ берілмейді", - дейді жұмысшылардың бірі Айымқұл Оспан.
Жұмысшылардың айтуынша, алматылық "№25 көпір құрылысы отряды" серіктестігі жылдар бойы жұмысшылар құқығын таптап келген. Жалақыны ұдайы кешіктіретінін былай қойғанда, көп мөлшерде жарналар ұстай тұра, зейнетақы қорына тиісті соманы аудармапты Ал компания директоры Тимур Накусов қыста жалақының жартылай төленгенін айтады.
"Біздің жұмысшылар вахтамен жұмыс істейді. Қыста жалақыны жартылай төледік. Бүгінде кәсіпорынның қыс айларындағы қарызы - 5 миллион теңге. Ол жетекшілердің салғырттығынан болды, кей жұмысшыларды тізімге қоспай қойған. Cондықтан учаске бастықтарымен құрылыс топтарының жетекшілерін ауыстырдым, - деп уәде берді ЖШС директоры.
Телеарнаның мәліметінше, енді жұмысшылар "Нұр Отан" партиясынан көмек сұрап, арыз жазды.