Ақмола облысында 2 миллиард теңгеге жуық ақша бөлінген су құбыры аяқсыз қалды
2019 ж. 16 шілде
3280
0
Ақмола облысында 3 бірдей кент тұрғындары шілденің шіліңгір ыстығында ауыз суға зәру болып отыр, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Негізі, бұл елді мекендерге өткен күзде ғана жаңа магистраль тартылған. Ал жұрт көктем шыға жұмыс жалғасады деп, шыдамдылық танытып күтсе керек. Бірақ сол күйі жұмыс толық бітпепті. Мердігер компания да зым-зия жоғалған.
Су тартамыз деп ауыл ортасының астаң-кестеңін шығарғанда да жұрт игі іс деп қарап, бөріктерін аспанға атыпты. Құбыр тартылған, тіпті әрбір үйге енгізілген. Әйтсе де, жұмыс толық бітпеген. Жаңбыр жауғанда аяқ алып жүре алмай қалған соң, мердігерден кейін олар жолды өздері ретке келтірген болыпты.
Ал ауыз суды «Степногор су арнасы» мекемесі арнайы көлікпен тасып жүр екен. Судың 1 текше метрі – 500 теңге. Бірақ тасымалды су бірде жетсе, бірде жетпей қалады, - дейді қаталаған жұрт.
Жүсіп Қожыкенов, Ақсу кентінің тұрғыны:
- Әкімге де бардық. Ертең болат, арғы күні болат деп. Хамут жоқ. Үйтет, бүйтет. Әлі осылай жүрміз. Таңертеңнен кешке дейін әлгі водавоздың көтінде. Келе ме, келмей ме? Суымыз ысып кетет, құрттап жатырмыз бір сөзбен айтқанда.
Жаңа су магистралін көрген тұрғындар несие алып, жер үйлеріне жуынатын ванна орнатып, дәретхана да қойып алған. «Бірақ пайдаланудың орнына, ыдысын арқалап, аптапта су іздеп жүргеніміз» дейді ашынған жұрт. Тапсырыс беруші Степногор әкімдігіне де талай барған. Талай уәдені де естіпті. Бірақ осынау алып магистралды орнату үшін жұмсалған қаражаттың игілігін көре алар емес.
Берік Мусин, «Степногор су арнасы» МКК бөлім басшысы:
- Жобаны аяқтау үшін 184 миллион теңге қажет. Өткен жылы біз бұл ақшаны игере алмай қайтарғанбыз мемлекетке. Биыл Қаржы министрлігі қайта бермеді. Енді жергілікті бюджеттен сұрап отырмыз. Әзірге өз кәсіпорнымыздан қарастырамыз.
Тапсырыс беруші кәсіпорын басшыларының айтуынша, мердігер компания – «Дорстрой» серіктестігіне төлейтін ақша жоқ. Нысан 95 пайызға аяқталған. 92 шақырымдық магистраль Ақсу, Кварцетка, Заводской кенттеріне тартылыпты.
1 миллиард 700 миллион теңге бөлінген жоба осылайша аяқсыз қалған. Енді тапсырыс беруші бюджеттен қаржы бөлсе ғана оны аяқтай алады. Әзірге 3 кенттің тұрғындарының су таситын көлікті аңдумен күндері өтпек.