СЕНАТ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТКЕ ТҮЗЕТУЛЕРДІ ҚАБЫЛДАДЫ
2019 ж. 07 шілде
1389
0
Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтыруар енгізу туралы» Заңын қабылдады.
«Заң жобасы 2019 жылға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштерін сақтауды ескере отырып қалыптастырылды. Республикалық бюджеттің негізгі параметрлері өзгеріссіз қалады. Президенттің тапсырмаларын іске асыруды қаржылық қамтамасыз ету тікелей инвестициялар қорын құруға көзделген қаражаттың бір бөлігін қайта бөлу есебінен жүзеге асырылатын болады», – деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары-қаржы министрі Әлихан Смайылов. Бюджеттің шығыс бөлігін нақтылау үш бағыт бойынша жүзеге асырылды. Біріншіден, халықтың тұтынушылық кредиттері бойынша борыш жүктемесін азайту ескерілген. Өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтар санатына жатқызылған әрбір қарыз алушы үшін тікелей және атаулы қаржылық көмек ретінде мемлекет 300 мың теңгеге дейінгі жалпы мөлшерде негізгі борышты және ол бойынша есептелген сыйақыны өтейді. Осы мақсаттарға жоба 89,2 млрд. теңге сомасында шығыстарды қарастырып отыр. Екінші бағыт – жұмыспен қамту, аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен жастарды қолдау бойынша, пәрменді шараларды кеңейту және күшейтуді қамтып отыр. Бұл мақсаттарға 138,6 млрд. теңге бөлінді. Үшінші бағыт бойынша, жобада Үкімет резервін 72,2 млрд. теңгеге ұлғайту ұсынылады. Аталған қаражаттың бір бөлігі Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарларын жоюға жұмсалмақ. Бұдан басқа, 35,9 млрд. теңге қаражатты ішкі қайта бөлу есебінен шұғыл шешуді қажет ететін міндеттемелерді қаржыландыру іске асырылады.
З.Қабиоллаұлы
qazaquni.kz