Дәурен Абаев жалған ақпараттың адамдарға қалай әсер ететінін айтты
2019 ж. 12 шілде
3068
1
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жалған ақпараттардың көбеюі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл үрдіс соңғы уақытта кең тарап келеді. Біз ашық өтірікке және ақпараттық манипуляцияға жиі тап болып жүрміз. Мұның басты негізгі себебі - анонимдік. Мұндай белгісіздік жалған фактілерді таратып, жазасыз қалуға мүмкіндік беріп отыр. Әрине, ең алдымен белгілі тұлғалар, шенеуніктер, бизнесмендер шабуыл нысанына айналуда», - деді министр Хабар арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.
Оның айтуынша, жалған ақпараттың басым бөлігі саяси болып келеді. Яғни, қаскөйлер жалған ақпарат беріп қана қоймай, оқырманды белгілі бір тұжырым жасауға итермелейді. Мұны тапсырыспен жазылған материалдың белгісі деп те атауға болады.
«Жалған ақпараттарды абыройды түсіруші не шиеленіс туғызу әрекеті ғана емес, нақты бір адамға психологиялық шабуыл деп те атаған жөн. Әрине, танымал адамдардың бұған еті үйренген. Бірақ, олардың жақындары мен туыстарына да соққы тиіп жатады. Әрбір репост пен лайктың артында жазықсыз адамдардың тағдыры тұруы мүмкін. Бір бизнесмен туралы WhatsApp-та жалған ақпарат тарады. Бір күнді істің мән-жайы анықталды. Бірақ, кәсіпкердің әкесі ауруханаға түсті. Оның денсаулығына зақым келді. Жалған хабардың артында кім тұрғанын ешкім білмейді», - деді Д.Абаев.