Эльмира Суханбердиеваның ісіне қатысты жаңа деректер шықты
2019 ж. 10 шілде
4674
0
ҚР Білім және ғылым вице-министрі болған Эльмира Суханбердиеваның ісіне қатысты жаңа деректер шықты. Оған өзіне бағынышты адамдардан планшет пен ұялы телефон талап еткен деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Суханбердиева мансабын пайдаланып, бірнеше әрекеттерге барған. Қызмет бабына сәйкес, ол 1-маусымда балалар құқығын қорғау күніне дайындыққа жауапты болған. Осы шара аясында ҚР Президентімен көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары кездесу жоспарланған», - деді прокурор Нұрлан Бекмағамбетов сот залында.
Оның айтуынша Суханбердиева аталмыш кездесуге қатысатын балаларға планшет, айпад және смартфон сияқты қымбат сыйлықтар табыстамақ болған.
«Суханбердиева ҚР Білім және ғылым министрлігінде бұл мақсатқа қаражат қарастырылмағанын жақсы білген. Ағымдағы жылдың 3 мамырында «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында ерлік жасаған балалардың қатысуымен жас патриоттар форумы өтті. Осы шара барысында ол екі балаға 1 маусым күні министрмен кездесу кезінде iPhonеХ берілетінін айтқан. Сол үшін мемлекеттік мекеме басшысынан екі iPhonеХ талап еткен», - деді мемлекеттік айыптаушы.
Прокурордың айтуынша, Суханбердиева мемлекеттік мекеме басшысының аталған заттарды өз ақшасына алуға мәжбүр болатынын білген.
«Көмекшісі мен хатшысы арқылы айтылған бұл тапсырма министрдің бұйрығы ретінде сипатталған. Мекеме директоры өз туысына шығып, көмек сұрайды. Ол өтінішін орындап, 636 мың теңгеге екі ұялы телефон сатып әперген. Суханбердиеваға ол заттар жүргізуші арқылы жеткен», - деді Нұрлан Бекмағамбетов.
Прокурор аталмыш іске қатысты тағы бір мысал келтірді.
«1 маусымдағы кездесулерге Президент әкімшілігінің мақұлдауымен 41 бала бекітілген. Оларға планшет алуға бюджеттен қаржы бөлінбегенін біле тұра, өзіне бағынышты баспа басшыларынан 41 айфон талап еткен», - деді мемлекеттік айыптаушы.
Суханбердиеваның қорғаушысы Айгүл Әмренова ол телефондарды айыпталушының өзі үшін сұрамағанын алға тартты.
«Құрметті сот, қорғауымдағы адамның тергеу ісімен келісімге келу әрекетін қолдаймын. Оның асырауында кәмелетке толмаған екі баласы бар екенін ескере отырып, айыппұл көлемін қысқартуыңызды сұраймын. Мекеме басшыларына материалдық шығын шектірсе де, ол қаржыны өзіне алмағанын да ескеруіңізді өтінемін. Тергеу кезінде ол алған екі айфонның бірі Атыраудағы өртке оранған үйден қыздарды құтқарған балаға, екіншісі Нұр-Сұлтандағы құдықтан екі жасар сәбиді құтқарған балаға берілгені дәлелденді», - деді қорғаушы.
Оның сөзіне қарағанда, Элмира Суханбердиева балаларға айфон алып беру туралы ойға «Балдәурен» орталығындағы кездесуден кейін келген.
«Балалардан не қалайтындарын сұрағанда «айфон алғымыз келеді» деген жауаптар айтылған болатын. Яғни, ол бұл жерде өз мүддесін ойламаған. Ал мектепке келер болсақ, бұл жерде де ол жеке басы ешқандай табыс көрмеген. Сондықтан, айыппұл көлемін қысқартуыызды сұраймын», деді қорғаушы.
Айта кетейік, Эльмира Суханбердиева сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталды және 2 айға қамауға алынды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Эльмира Суханбердиеваға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Бүгін сот отырысы өтіп, ол өз кінәсін мойындады.