Арыстағы трагедия: 50 адам әлі де ауруханада жатыр
2019 ж. 01 шілде
2034
0
Арыстағы жарылыстар кезінде зардап шеккен 50 адам ауруханада жатыр. Бұл туралы науқастармен кездесу кезінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, - деп хабарлайды sputniknews.kz.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта 50 науқас ауруханада ем қабылдап жатыр. Ауыр жарақат алған екі адам Нұр-Сұлтан қаласына, тағы екі адам Алматыдағы емдеу мекемелеріне жеткізілген.
"Қажетті дәрі-дәрмек бар, медициналық көмек штаттық режимде көрсетіліп жатыр", - деді Біртанов.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, қазір Арыс халқына медициналық көмек көрсету үшін 17 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Бұл іске төрт жылжымалы кешен, Ұлттық сараптама орталығының 18 қызметкері мен 2 жылжымалы зертхана жұмылдырылған.
Сондай-ақ, радиациялық бақылау тобы Арыс аумағын тексерді.
"518 зерттеу жүргізілді. Радиация деңгейі санитарлық нормаларға сай. Сондай-ақ жарылыс аумағындағы жер қыртысы тексерілді", - деді Біртанов.
Министр атмосфералық ауа елуге жуық рет тексерілген атап өтті. Микробиологиялық және санитарлық-химиялық көрсеткіштерді зерттеу жұмыстары жүргізілген. Олар да нормаға сай.