Министр Ақтөбеде экологиялық мәселе көп екенін айтты
2019 ж. 24 маусым
3183
0
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бастаған жұмыс тобы Президент тапсырмасымен Ақтөбеде жүр, деп хабарлады «Хабар 24» арнасы.
Топ мүшелері Ақтөбе су қоймасы мен Қарғалы, Елек өзендерінің бүгінгі жағдайымен танысты. Жергілікті белсенділер жобалаушылармен, мамандармен бетпе-бет кездесіп, зейнеттегі экологтар өз пікірін білдірді.
«Президенттің тікелей тапсырмасымен бір топ маман Ақтөбеге келді. Арнайы топты өзім басқарамын. Бүгін бірнеше нысанды аралап, халықпен кездестік, жұмыстармен таныстық. 2017 жылы су тасқыны болып, жүздеген үй су астында қалды. Енді осындай жағдай қайталанбас үшін тиісті жұмыстарды атқару керек. Дегенмен, халықты «бұл жұмыстар қалай атқарылуда» деген мәселе, технологиясы алаңдатып отыр. Кесілген ағаштар да наразылық тудырған. Жасыратыны жоқ, Ақтөбе шөлейтті өңір. Ағаштар қайда егіледі деп те сұрады. Құрылған топқа жергілікті адамдар да кіреді. Қоғаммен ақылдасып, нақты шешімге келу керек. Бүгін нақты шешімге келу қиын», - деді министр Мағзұм Мырзағалиев.
Қазіргі кезде қылмыстық іс туралы сұрақ қозғалып жатқан жоқ.
«Мемлекет басшысы Ақтөбенің экологиялық проблемаларын жақсы біледі. Бір ғана су тасқыны, оның салдарымен күрес жұмыстары ғана емес. Оған қоса Алға химиялық зауытының проблемасы, кәріз суын тазалау құрылғысы бар. Жергілікті халық түнде жаман иіс шығатынын айтады. Көкжиде су кен орнының мәселелері де бар. Бәрі министрліктің құзырына кіреді. Бүгін айтылған пікірлер естілді, тыңдалды. Жұмысты тоқтату мәселесі қиын сұрақ. Дегенмен, жұмыс тобы нақты шешім алу үшін екі апта, бәлкім бір айға жуық уақыт керек. Сол аралықта уақытша осы жұмысты тоқтату керек. Ақтөбеде экологиялық мәселе көп», - деді министр.