Полиция күш көрсетті деген бірде-бір арыз түскен жоқ – Бас прокуратура
2019 ж. 14 маусым
2023
0
9-10 маусым күндері еліміздің үш қаласында өткен заңсыз митингте полиция ұстамдылық танытып, арнайы заттарды қолданбады. Тәртіп сақшылары күш көрсетті деген бірде-бір арыз түскен жоқ. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов айтты, - деп хабарлайды baq.kz.
Орталық сайлау комиссиясында өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Бас прокуратурасы арнайы бейнеролик көрсетті. Онда жекелген адамдардың тәртіп сақшыларына шабуыл жасағаны бейнелеген. Баспасөз мәжілісінде журналистер бас прокуратура өкілінен керсінше полиция қызметкерлерінің де xалыққа күш көрсеткен туралы деректер барын айтқан еді. Алайда, Сапарбек Нұрпейісов мұндай мазмұндағы бірде-бір арыз түспегенін айтты. "Полиция митинг кезінде күш қолданды деп айтып жатырсыздар. Бізде ондай дерек тіркелген жоқ. Осы уақытқа дейін прокуратураға 11 арыз келіп түсті. Оның бәрі қамалғандардың мерзімін қысқартуға байланысты. Өтініштердің тоғызы Алматы қаласынан, екеуі Нұр-Сұлтан қаласынан. Бірақ біз өзіміз сот орындарына 311 адамның қамау мерзімін қысқарту бойынша ұсыным хат жіберіп, босаттық. Егер азаматтар ондай деректері болса, прокуратура органдарына арыз түсіре алады. Біз тексеріп, қарауға дайынбыз", - дейді Бас прокуратура өкілі. Айта кетейік, заңсыз акцияға қатысқан 957 адамды сот әкімшілікке тартқан.