«АБАЙ» САХНА ЖҰЛДЫЗДАРЫН ЖИНАДЫ
2019 ж. 07 маусым
2266
0
Ташкенттегі Өзбек Ұлттық академиялық драма театрының ұжымы көрермендер назарына қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбаев жайында спектакльдің премьерасын ұсынды.
Биылғы Қазақстанның Өзбекстандағы жылына орай қойылған бұл сахна туындысына шығармашылық саласындағы бірқатар танымал тұлғалар қатысты. Қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезовтің осы аттас туындысын жазушы, Өзбекстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер Насыр Фазылов тәржімалаған болатын. Ал қойылымның жаңа заманауи редакциясын белгілі публицист Ахмаджон Мелибаев дайындаған. Режиссёрі – Өзбекстанға еңбек сіңірген әртіс Марат Азимов, суретшісі – Өзбекстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер Бахтиер Тураев.
Спектакльде Абайдың қым-қуыт қарама-қайшылық пен сан түрлі сынақтарға толы тағдыры баяндалады. Бас рөльді Өзбекстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Якуб Ахмедов пен Өзбекстанға еңбек сіңірген әртіс Махмуд Исмаилов асқан шеберлікпен сомдады. Сонымен қатар, Өзбекстанға еңбек сіңірген әртістер – Гульчехра Ибрагимбекова, Сайёра Юнусова, Шохида Исмаилова, Мехриддин Рахматов, Абдураим Абдубахобов, Тахир Саидов та өз рөльдерін тамаша орындап шықты. Қойылымда Дильноза Кубаева, Азиза Шарипова, Феруз Бурхонов, Лазиз Орзиев секілді жас таланттар да өнер көрсетті.
Фатима ҚАНАЕВА,
Өзбекстан,
Шыршық қаласы.
qazaquni.kz