Жол бойындағы полиция бекеттерінің қысқаруы заңды - Дәурен Абаев
2019 ж. 31 мамыр
2795
0
Жол бойындағы полиция бекеттерінің қысқаруы заңды құбылыс. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Стационарлық полиция бекеттерінің міндеті көлік ұрлығы, қашқан қылмыскерді ұстау және т.б қылмыстармен күресу екені белгілі. Алайда жаппай камералар, датчиктер, фото-видео тіркеу жүйелері енгізіліп автоматтандырылып жатқан қазіргі қоғамда мұндай бекеттердің маңызы жоғалуда», - деді министр.
Оның айтуынша, бүгінде республика бойынша 220 мыңнан астам бейнебақылау жүйесі орнатылған. Олардың көмегімен 3 мыңнан астам қылмыс ашылды, жарты миллионға жуық әкімшілік құқықбұзушылықтар анықталып, алдын алды.
«Бірде бір стационарлық бекет мұндай нәтиже көрсете алмайды. Оның үстіне стационарлық бекеттер халық арасында жүк тасушыларға, автожүргізушілерге және туристерге кедергі келтіретін жемқорлықтың ордасы деп қабылданады. Ал босатылған қызметкерлердің құзіреті мен біліктілігі басқа жұмыстарға қажет болады деп ойлаймын», - деді Д. Абаев.
Айта кетейік, ІІМ хабарлауынша, ішкі бекеттерде жұмыс істеген 300-ге тарта қызметкер басқа құрылымдарға ауыстырылады. Ал жол бойында босап қалған бекеттер қатты суықта жылынатын немесе дағдарыстық жағдайлар үшін пайдаланылады. Қалаларға кіре берістегі бекеттер де алынып тасталады.