Петропавлда Алик Шпекбаев пен Құмар Ақсақалов волейбол ойнады
2019 ж. 29 мамыр
2387
0
Петропавл қаласында Алик Шпекбаев пен Құмар Ақсақалов Солтүстік Қазақстан облысының қоғам өкілдерімен волейбол ойнады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, А. Винокуров атындағы Спорт сарайында МҚІСҚА және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қызметкерлері аймақ жұртшылығының құрама командасымен волейбол ойнады.
Ойын 3-2 есебімен мемлекеттік қызметшілер пайдасына аяқталды. Алайда матчқа қатысушылар басты көрсеткіш таблода емес, бейресми жағдайда танысып, сөйлесуге берілген мүмкіндік болғанын атап өтті.
«Мұнда тараптар бір-біріне қарсы емес. Бұл жолдастық кездесу. Облыстың мемлекеттік қызметшілері мен жұртшылығы бейресми жағдайда танысып, жолдастық қарым-қатынас орнатып, бір-бірін жақсы түсініп, мемлекет пен қоғам арасындағы іскерлік қарым-қатынасты жолға қою үшін өткізіледі. Сонымен қатар, аталмыш кездесу - бұл мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және облыс әкімдігінің ашықтығын көрсетеді», - деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы Елена Степаненко.
Сондай-ақ аталмыш матчтың негізгі мақсаты - саламатты өмір салтын насихаттау, корпоративтік рухты қалыптастыру.