Министр дуалды оқытуға қатысатын кәсіпорындардың шығындарын өтеуді ұсынды
2019 ж. 28 мамыр
2213
0
Дуалды оқытуға қатысатын кәсіпорындардың шығындарын өтеу қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Жастарымыз заман талабына сай білім алып, біліктілігін арттыру үшін ең алдымен жұмыс берушілерді техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне тарту керек. Сапалы маман дайындауда дуалды оқу жүйесінің рөлі зор екендігі белгілі. Ал бізде осы жүйе бойынша қамтылған оқушылардың үлесі 19,8 пайызды ғана құрайды. Жұмыс берушілердің пікірінше, оның дамуына практиканы ұйымдастырудағы кәсіпорын шығынының өтелмеуі, оқушылардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті қамтамасыз ету мәселелері тежеп отыр. Осы мәселелерді шешуіміз керек. Дуалды оқытуға қатысатын кәсіпорындардың шығындарын өтеуді ұсынамыз", - деді министр.
Сонымен қатар ол барлық студенттерге қауіпсіздік техникасы мен өнеркәсіптік қауіпсіздік курстарын ұйымдастырумен қатар олардың өндіріс талабына сай сынақ тапсырып, кәсіпорындарда тәжірибеден өтуге рұқсат алуын да қамтамасыз ету керектігіне назар аудартты.
"Өнеркәсіпті ынталандырудың басқа да жолдарын қарастыру маңызды. Осы орайда біз "Алтын сапа" шарасында дуальды оқыту жүйесін енгізген "үздік кәсіпорын", "үздік тәлімгер" және "техникалық кадрларды дайындайтын үздік колледж" аталымдарын қарастыруды ұсынамыз", - деді К.Шәмшидинова.
Министр дуалды оқыту жүйесін кеңейтумен қатар сатып алу құқығынсыз колледждерді сенімді басқаруға беруді де дамытқан жөн екендігін айтты.
"Колледждердің ұйымдастыру құқықтық нысаны, ескірген материалдық-техникалық базасы, қолданыстағы оқу бағдарламалары осы процесті тежеуі мүмкін. Сондықтан біздің министрлік экономика мен еңбек нарығына сай оқу мазмұнының тәжірибемен тығыз байланыстылығын, орта білім және арнайы пәндерге сәйкестендіруге мүмкіндік беретін икемді оқу бағдарламаларын қарастыратын болады", - деді ол.