«Ақ жол» партиясынан Президенттікке үміткер Дания Еспаева Шымкент қаласының халқымен кездесті
2019 ж. 27 мамыр
2558
0
«Ақ жол» партиясынан Президенттікке үміткер Дания Еспаева Шымкент қаласының халқымен кездесті. Іс-шараға сайлауалды штаб мүшелері, ҚР Мәжіліс депутаттары және аймақтық штаб белсенділері қатысты.
Дания Еспаева өзінің сайлауалды бағдарламасын жергілікті кәсіпкер, педагог, дәрігер мен қала студенттеріне таныстырды. Тұңғыш әйел-үміткермен кездесуге көпбалалы аналар да келді.
Негізінен, сайлаушылар тарапынан жастарды жұмыспен қамтамасыз ету, білім беру сапасы және зейнет жасының ұлғаюы сынды әлеуметтік сұрақтар қойылды.
«Мен барған кездесулердің барлығында дерлік, әйелдер зейнет жасын ұлғайтпау туралы өтініштерін білдіреді. Бұл мәселе ауыл тұрғындары болсын, қала тұрғындары болсын – барлығын мазалып жүр. Қаржыгер ретінде, әлеуметтік мәселелердің барлығын, оның ішінде әйелдерді 58 жастан зейнетке шығару үшін – ел экономикасын жақсарту керек деп айтамын. Ал оған, өз кезегінде мықты бизнес болу керек», - деп, үміткер мемлекеттің отандық кәсіпкерлікке қолдау көрсету керектігін атап өтті.
Үміткерге Шымкент қаласының ірі тоқыма фабрикасының қызметкерлері де сұрақтарын қойды. Кәсіпорынның жұмыс істемей жатқанына 3 жылдай болғандықтан, мыңдаған адам, оның көбі әйелдер қауымы, жұмыссыз қалған. Дания Еспаева орын алған жағдайды реттеп, оның шешімін табуға үлес қосатынын айтты.
ҚР Президенттігіне үміткер Дания Еспаеваның сайлау қоры қаражатынан төленді