Дания Еспаева өзінің сайлауалды бағдарламасын Ақмола облысының жұртшылығына таныстырды
2019 ж. 23 мамыр
2407
0
«Ақ жол» партиясынан үміткер Дания Еспаева сайлауалды науқан барысында Шортанды ауылына ат басын бұрды.
Үгіт шаралары облыстық аймақтық штабтың ұйымдастыруымен өтті. Оған республикалық штаб мүшелері Дмитрий Васильев, Меруерт Қазбекова және партияның аймақтық белсенділері қатысты.
Дания Еспаеваның сайлауалды үгіт тобы А.Бараев ат. астық шаруашылығының ғылыми-өнеркәсіп орталығына барды. Орталықтағы сұрыптау зерттеуі нәтижесінде бидай, арпа, тары және басқа да дақылдардың 60-қа жуық жаңа түрі шығарылды. Отандық сұрыптау сорттары күннен-күнге өз қолану аясын кеңейтіп келеді.
Дания Еспаева орталықтың соңғы жетістіктерімен танысып, жаңа ашулар жасау үшін ғалымдарға не қажет екенін сұрап білді.
Бұдан соң, «Ақ жол» партиясының үміткері Шортанды ауданының бюджеттік қызметкерлері және кәсіпкерлерімен кездесті. Аудандағы 1300-дей адам шағын және орта бизнеспен айналысады. Олардың 40% нәзік жандылар қауымы. Ауданда қызмет көрсету саласы жақсы дамыған.
Дания Еспаева сайлаушыларды сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, экономиканың басым салалары үшін төмендетілген қосымша құн салығы мөлшерлемесін енгізу сынды ұсыныстарын айтып өтті.
«Дәл осындай ауылдық елдімекендерде бизнесті көбіне әйелдер ашады. Нанды пісіретін кім? Шаштараз ашатын кім? Сұлулық салонын ашатын кім? Әрине, олар - деді Дания Еспаева. – Біздің үгіт кездесулерімізде мен сайлаушыларға бағдарламамдағы негізгі тұстарды атап өтемін. Мен үшін, мына залда отырған әйелдердің менің сайлауға ұсынылуымды оң қабылдағаны маңызды. Өзімді еліміздің басты лауазымына ұсыну арқылы – мен өзім үшін ғана емес, барлық қазақстандық әйелдер үшін батыл қадам жасадым. Бұл демократияға деген қадам, саяси және экономикалық салада әйел адамның мүмкіндігі ер адамдармен тең екендігінің көрінісі».
Үміткер, сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың сұрағына жауап берді. Сұрақтар жемқорлыққа қарсы күрес, қоғамның әлеуметтік мәселелері, кәсіпкерлікті қолдау сынды тақырыптарда болды.
Үгіт шарасы Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында жалғасады.
ҚР Президенттігіне үміткер Дания Еспаеваның сайлау қоры қаражатынан төленді