Газ құбырын үйдің қақ ортасынан жүргізген
2019 ж. 21 мамыр
3268
2
Ақтөбелік тұрғын шенеуніктердің кесірінен үйінің құрылысын бітіре алмай отыр. Себебі, қала іргесіндегі ауылға газ құбырын тартқанда оны Баян Ешімованың шаңырағының қақ ортасынан жүргізген, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Енді тұрғын осы құбыр желісін не істерін білмей отыр. Оны жүргізген қала құрылысы бөліміндегілер болса бұл жайдан хабарсыз болдық дейді.
Ақтөбенің іргесіндегі бүтін бір ауылды газбен қамтып отырған құбыр дәл Баян Ешімованың үйінің қақ ортасынан өтеді. Соның кесірінен олар төрт жылдан бері құрылысты бітіре алмай сенделіп жүр. Заң бойынша биыл үйдің төбесін жауып, есік-терезесін бүтіндеп болуы тиіс. Себебі, мемлекеттен кезекпен алған жер болған соң талап солай. Бірақ оған құрылыс бөліміндегілердің жіберген қателіктері қолбайлау.
Баян Ешімова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Әкімдіктің ақшасына жүргізген. Бірақ үйдің ішінен жүргізуге болмайды ғой. Басқаларынікі дұрыс та, біздікі қырсыққанда солай боп тұр.
Қызылжар ауылындағы газ құбырын біреудің баспанасының қақ ортасынан өткізгендерін құрылыс бөліміндегілер білмедік деп отыр.
Ислам Ізбасқанов, Ақтөбе қалалық жер қатынастары, сәулет және құрылыс бөлімінің бас маманы:
- Газ желісінің бар-жоғын білген жоқпыз. Оны құрылыс бөлімі 2011-де жүргізген. Сол газ құбырын жүргізген мекемені шақыртамыз сол аумаққа. Оны газды ауыстыру мәселесін қарастырамыз.
Енді әкімдіктегілер кезінде газ құбырын тарту үшін тендер ұтқан компанияны іздеп жатыр. Желіні өзгертуге тек солардың құқығы бар. Бірақ үй иесі әкімдіктегілер бұл жолы газ құбырын ауыстырмаса, еш ескертусіз өзім қиып тастаймын деп отыр. Ол кезде бүтін бір ауыл көгілдір отынсыз қалады.