Маңғыстау - 362 Әулиелер мекені
2015 ж. 18 қараша
50498
14
Бір кездері Ұлы Жібек жолында елмен елді елдестіріп, татулық пен бірлікке, экономикалық өрлеуге бастау болған 362 әулиенің мекені саналған ұлы дала Маңғыстау жері қаншама тарихи кезеңдер мен оқиғалардың куәсі бола білген қастерлі өңір. Сондықтанда Маңғыстау жері– Қазақстан Республикасының ішкі туризм саласын дамытуда үлкен мүмкіндігі бар аймақ. Бабалардың батасы, аналардың аманатын арқалаған қасиетті мекенге табан тіреудегі мақсат сол тарихи кезеңдерден қалған рухани орындарды аралап, ой елегінен өткізіп рухани дүниемізді байытып, байтақ елдің жер асты мешіттерін тамашалау болатын.
Маңғыстау облыстық қорық мұражайы
Әр өңірдің тарихы мен табиғатына алғаш қадам жасамас бұрын , тарихи-мәдени-табиғи құндылығын сақтап қана қоймай, сол орындар жайлы тарихынан мол сыр шертететін қара шаңыраққа бас сұққанды жөн санадық. 35 жылдық тарихы бар ондай қасиетті орынның бірі ол облыстық қорық мұражайы болатын. Қорық директоры Нұрлан Құлбаев бауырымыз құшақ жая қарсы алды. Қорық қызметкерлері негізгі жұмыс бағыттары бойынша Маңғыстау түбегі мен Үстірт жотасы, Каспий маңының оңтүстік бөлігіндегі Бозашы түбегіндегі аймақтарына археологиялық барлау жүргізу және тарихи ескерткіштерді зерттеу, есепке алу, техникалық жағдайларын тексеру мақсатында жыл сайын экспедициялар ұйымдастырып тұрады екен. Іссапар барысында олар елді мекендерге соғып, сол маңдағы ескерткіштер туралы аңыз әңгімелер, тарихи деректер жинақтайды. Маңғыстау мен Үстірттің тарихи ескерткіштерін ғылыми зерттеу, мемлекеттік қорғауға алу, насихаттау, сақтау қызметін көздеген қорық мекемесінде қазба жұмыстары, реставрация, түрлі бағыттардағы экскурсия жұмыстары жүруімен қатар, ғылыми-әдістемелік кеңес отырыстары мен конференциялар да жиі өтіп тұрады. Қазіргі таңда мекемеде «Ескерткіштерді есепке алу және қорғау», «Сәулет», «Археология», «Экскурсия-көпшілік бөлімі» және ескерткіштердің құжаттары, тарихи деректер, бағалы кітаптар мен жәдігерлер сақталатын «Қор» бөлімі жұмыс істеп тұр. Қорықтың қор бөлімінде 99771 дана артефакт пен жәдігер жинақталып, сақталуда.Тарихи-мәдени мұраның 13000-нан астам объектілері зерттеліп, паспорттанған. Ерекше бір оқиға – 2014 жылдың тамыз айында елімізде алғаш рет Ақтау қаласында Евразия мәдени мұрасының 7 халықаралық конференциясы ұйымдастырылды. Нәтижесінде ЮНЕСКО тізіміне «Ұлы Жібек жолы» бойында орналасқан бірқатар ескерткіштер енгізілді. Жыл бойында қорықтың «Маңғыстау ескерткіштері» , «Маңғыстаудың киелі орындары», «От киесі», «Ежелгі Маңғыстау мұралары», «Ортағасырлық Қызылқала қалашығы», «Сисем ата қорымы», «Маңғыстау петроглифтері» атты тақырыптық жылжымалы көрмелері қала тұрғындары мен қонақтарға, студенттер мен жастарға, үйірме жетекшілері мен оқушыларға, өлкеге саяхаттап келуші көрермендер назарына ұсынылып тұрады. Маңғыстау халқының өмірі, тұрмысы, тыныс-тіршілігі тарихи-мәдени ескерткіштерімен тығыз байланысты. Бұл ғажап сәулет өнерін шетелден келіп тамашалап, таңдай қағушылар қатары да аз емес.
Қараман ата жер асты мешіті
Манғыстау жеріндегі тарихи орындар зияратшылардың ынтық нысаны болып табылады. Ислам дiнi мен пұтқа табынушылық кезеңдегі дәстүрлер тоғысуы да, бағзы заманнан сақталған Жерасты мешiттеріде - азиялық суфизм тарихында өте сирек кездесетiн құбылыс. Бұл өңірде Шопан-ата, Масат-ата, Шақпақ-ата, Бекет-ата, т.б. киелі орындар жалғасын тауып кете береді. Сондай орынның бірі Қараман ата жер асты мешіті. Көп естігенше бір рет көзбен көргенге не жетсін деген ниетпен қорық директоры Құлбаев Нұрлан бауырымыз ат көлігін сайлап, бізді сол киелі мекенге жеткізді. Жолбойы қаншама рухани дүниелер жайлы әңгіме-дүкен құрылды. Елім деп еміренген аптал азамат Құлбаев Нұрлан бауырымыздың туған жеріне деген сүйспеншілігі молынан байқалды, әр тақырыпты байыбыныа жеткізіп әңгімелеген барысында. Кең даланың шаңын бұрқыратып, көзді ашып-жұмғанша діттеген жерімізге де келіп жеттік. Нағыз жер асты мешіті деп осыны айтарға. Бір кездері елі үшін жан қиған бабаларымыз бастарына әділетсіздік күні туғанда ант беріп анттасатын киелі мекен екен бұл Қараман ата жер асты мешіті. Мұнда берілген ант елеусіз қалмайды екен. Егер кімде-кім антын бұзып, келеке етіп жатса онда қандайда бір келеңсіз жағдайға душар болады екен. Аңызы мен деректері өз алдына бір тақырып. Қараман-Ата ескерткiшi Маңғыстаудың орталық бөлiгiнде, ол үш бөлмеден тұрады. Кiре берiс бөлме, оған жалғас намаз оқитын зал. Онда төбенi тiреп тұрған ұстындар бар. Төбе сол жердiң бетiн алып жатқан ұлутастан тұрады. Аңыз бойынша Қараман-Ата Шопан-Ата әулиенiң iнiсi екен делiнедi. Екi мешiттi жалғастыратын жер асты жолы болған, бiрақ ол уақыт өте құлап қалған. Қараман-Ата мешiтiнiң салыну кезеңi 13 ғ-ға тән дүние екен.
Шопан ата үңгірлі мешіті
Келесі күні Оғыланды тауын бетке алып, жолға шықтық. Ақтау қаласымен Жаңаөзен қаласының аралығындағы күре жолға жаңадан асфальт төсеп жатқандықтан шаңына аспанға шығарып топырақты жолмен зытқып келеміз. Оғыланды тауына жеткенше жолай Шопан атаның жер асты мешіті мен күйеу баласының зиратына соғып құран бағыштадық. Айналамыз көздің жауын алады. Бір кездегі Жібек жолындағы керуендер салған сүрлеу бойында түйелер жайылып жүр. Жайылған түйелер, қоршаған орта сол кездегі кезеңдерді елестететін секілді. Шопан-Ата – Маңғыстау мен Хорезм арасындағы керуен жолының бойына (түбектiң оңт.-шығ. жағында) орналасқан ескiлiктi сәулет өнерiнiң ескерткiшi. Оның доғадай иiлiп келген тау жынысының солт.-батыс жағынан тұрғызылған жер асты мешiттерi бар. Бұл 10-13 ғ-дағы озық үлгiдегi ғимараттар тобына жатады. Солт. шығысқа қараған сай тұйығынан қашалған үлкен бөлме. Оң жағында тағы бiр шағын бөлме, оның еденi биiк. Сол жақ қабырға астынан қабiрхана үңгiлген. Төрден сай үстiне шығып кететiн есiк бар. Есiктiң сыртқа шығар аузы алдында бетi шымылдықпен перделенген қабiрхана. Аңыз бойынша оған Шопан-Атаның қызы жерленген. Кiре берiстiң сол жақ қапталында жар бетiнен төрт шаршы етiп қашалған бөлмелер орналасқан. Олардың алдында тұт ағашы егiлген. Мешiт қабырғаларында айшықты нақыштар жоқ. Ел аңызы мешiттiң салыну кезеңiн Оғыз тайпаларының Маңғыстауға келе бастаған мерзiмiне меңзейдi. Жер асты мешіттерінен жоғары көтерілсеңіз Шопан атаның қайын атасы жерленген орын бар. Шопан-Ата - әйгiлi Қожа Ахмет Яссауидiң шәкiртi.Ол 12 ғ-дың 2-жартысында өмiр сүрiп, ел iшiнде мұсылман дiнiн уағыздаған әулие адам. Шопан-Ата тұрғызған жер асты мешiт пен қорым ел ұғымында киелi, қасиеттi орын саналады. Сондықтанда болар мұнда келіп-кетіп жатқан зияратшы туристер санында шек жоқ.
Оғыландыдағы Бекет ата мешіті
Бекет-атаның өмірінің соңғы кезінде тұрғызған мешіті Маңғыстау облысының Қарақия ауданы, Жаңаөзен қаласынан оңтүстік-шығыс бағытта 180 км, Сенек ауылынан солтүстік-шығыс бағытта 95 км қашықтықта орналасқан. Мешіт табиғаты көркем Оғыланды жеріндегі ақ-бор тасты тау шатқалының терең орта қабатынан ойып жасалған. Маңғыстау, Үстірт, Атырау мекендеген Адай тегінен шыққан қазақ халқының данасы. Келіп-кетіп жатқан зияратшыларда қисап жоқ. Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейінгі зияратшылардың таңдай қақпағаны кем де кем. Мешітке жеткенше ирелендеген тасты тепшектермен төмен қарай ылдилай бересіз. Әсем табиғат, жел мен жауынға мүжілген тау тастары, қыр етегіне тырбия өскен жыңғылдар өзге бір әлемге жетелеп бара жатқандай күй кештіреді. Осы бұрыштан шыға келеді-ау десеңіз жоқ әліде жетпегеніңізді сезесіз. Бір мезетте сол қастерлі мекенге жеткеніңізді де білмей қаласыз.
Бекет Мырзағұлұлының туған жері қазіргі Атырау облысының Жылой ауданы Ақкиізтоғай ауылы. Жас кезінде қолына қару алып, көршілес қалмақ, түрікмен тайпаларымен шайқасып, халқының егемендігін қорғаған Бекет батырлығын танытып, табиғи күш- қуатымен ерекшеленіп, ел аузында Ер-Бекет атанды. Жаугершілікті тоқтатып, елінде бейбітшілік орнағанын, көршілес халықтармен достық қарым-қатынас құруды армандаған Бекет құдай жолына түсіп, Хиуаға медресеге оқуға аттанған. Атақты Бақыржан-қажыдан дәріс алған Бекет еліне қайтып, ұстазының ісін жалғастырып, жер-жерден жерасты мешітін салған. Қараңғы халқының дінге, білімге көзін ашып, мәдениеттің өркендеуіне, болашаққа жол ашуға себеп туғызған. Жер асты ғимараты маңында кезінде Бекет-ата пайдаланған бұлақтар, құдықтары сол күнне сақталып қалған. Дәмі кәусәр бұлақтары тұмса табиғатты әсерлі етіп көрсетіп-ақ тұр.
Мешіт төрт бөлмеден тұрады, төргі бөлмеде қасиетті сырық ағашы бар. Ол пайғамбар жасына келіп қайтыс болған. Бекет-атаның мүрдесі осы мешітте қабірленген. Ескерткiш кiре берiс дәлiзден, дұға оқитын залдан, тұрғын бөлмеден, қабiрханадан тұрады. Ортаңғы бөлменiң төбесiнде жарық түсу үшiн жасалған саңлау бар. Бекет-ата жерасты мешіті – оның дарынды сәулеткерлігінің, биік талғамының куәсі, халық құрмет тұтатын, әулиелік орын деп саналады.
Бұл күндерi ол елдiң көп баратын, зиярат етiп, түнейтiн бiрден-бiр киелi орны. Киелі мекеннің қасиетті жануарлары арқарларда да бейқам келе жатқан зияратшы алдынан шыға келуі де ғажап емес. Бұл кез зияратшы үшін бақытты сәт деп саналады. Бір емес бірнешеуі алдымыздан шыға келгенде, бақытқа бізде кенелдік. Ия тылсым дүниеге толы құтты мекен. Мәдинада Мұхамед Түркістанда Қожа Ахмет Маңғыстауда Пір Бекет деп айтылуы әсте тегін емес. Маңғыстау өңірі тек мұнайымен ғана емес қаймағы бұзылмаған тарихи-мәдени- рухани мұраларға барынша бай өлке.
Беймәлім -Бейнеу
Бейнеу селосының әкімі Оспанов Жасұлан Көшбайұлы біздің аяғымызды жерге тигізбей, поездан түсе сала көлігіне отырғызды. Оразамызды «Арна» қонақ үйіндегі ақ дастарханда аштық. Таңғы астан соң Бейнеудің көрікті жерлерімен таныса бастадық. Бейнеу ауылын аралау барысында ауылды кішігірім қалаға ұқсаттық. Сырт көзге аумағы кіші болғанымен ішкі дүниесіне сүңгіп кетсеңіз бейне бір сырын бүккен қамал іспеттес. Шын мәнісінде шойын жолмен арыл-берлі өткен жүргінші арнайы ат басын бұрмаса, бұл ауылды жай ғана қарапайым ауылдардан айырмашылығы жоқ деп түсінер еді. Бізде солай ойлаған болатынбыз, бірақ мұнымыз қате болып шықты. Онымызға азда болса ұялыпта қалдық. Жас та болса бас бола білген әкім мырза бізге ауылдың жай-жапсары туралы майын тамызып айтып берді. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы түзеліп, ел экономикасының арта түскеніне бізде іштей қуанып қалдық. 1973 жылы құрылған Бейнеу ауылы Маңғыстаудың солтүстігінде орын тепкен. Оңтүстігі Түркіменстанмен, оңтүстік шығысы Қарақалпақстанмен, ал солтүстігі Атыраумен, сотүстік шығысы Ақтобе облыстарымен, батысы Каспий теңізінің сорларымен шектесіп жатыр. Ескі Бейнеудегі Бекет-ата жерасты мешіті Бейнеу кентінен оңтүстік бағытта 20 км қашықтықта орналасқан екен. Қос қақпасы ашылып мешіт аумағына қадам басқанымызда ерекше әсер алдық. Шөлді алқап болсада жол жиегін жасыл желекке көмкеріпті. Бұл рухани орынға деген құрмет пен аптал азаматтардың ерен еңбегі деп түсіндік. Түсірілім барысында Бейнеу тұрғындары ұйымдастырып жатқан сенбіліктің куәсі болдық. Бейнеу аудандық Нұр Отан партиясының бірінші орынбасары Сейсенбек ағамыз, бұл сенбілікке әр-бір Бейнеулік қатысуды парызға айналдырғанын айтып ойымен бөлісті. Құрбан айт мерекесімен тұспа-тұс келген бұл сенбілік соңы асқа ұласты. Бабалар рухына бағышталып құрбандық шалыныпты. Мұндай сенбілік жергілікті тұрғындар арасында дәстүрге айналған екен. Игі іс жалғасын тапқай деп тілек білдірдік. Ақ-борлы тасты тау мүйісінен ойып жасалған мешіт негізгі үлкен бір бөлмеден тұрады. Диаметрi 4,5 м төбенi үңгiп, киiз үй түрiнде жасаған ескерткiш. Үйдiң батыс жағында михраб, солтүстік бетiнде шағын дәлiз үшiншi бөлмеге апарады. Шығыс жағында тағы бiр бөлмесi бар. Осы соңғы бөлмеде бiрнеше адам жерленген. Ескерткiш қабырғаларында ою-өрнектер салынбаған. Мешіт айналасында көлемі үлкен қорым бар. Ол қорымда Бекет атаның туған ағасы Меңдіқұл батыр жерленгені туралы Бекет атаның 6 ұрпағы Тәшіп Қалымбегі Әбуұлы әңгімелеп берді. Мешітке кіре берісте киелі бұлағы да бар. Зияраттап келгендер сол бұлақ суынан алып мейірлене ішіп жатыр. Артығын ыдыстарына құйып алып кетеді екен. Бекет-ата қазақ халқының ағартушысы ретінде бірнеше бала оқытатын мешіттер тұрғызған. Көшпелі өмірге үйренген қазақ халқының тұрақтайтын қоныстарына ыңғайлы және Орта Азиядан келетін көне керуен жолының бойында орналасқан мешіттің бірі осы – Ескі Бейнеудегі мешіт. Бекет-Атаның Бейнеудегi мешiтiне 1825 жылғы 1 Үстiрт экспедициясының құрамында Э.А. Эверсман, А.О. Дюгемель сияқты ғалымдар келiп ескерткiштiң суретiн салып қалдырған. Бекет-Атаның бұдан басқа Жем ө-нiң бойында, Арал теңiзiнiң жағасында мешіттері болған. Ел аңызы Бозашыдағы Тасым ойындағы шағын мешiттi де Бекет есiмiмен байланыстырады екен. Мешіттен қайтар сапарда аудандық өлкетану мұражайына соғып ауылдың тарихынан дерек алғанды жөн санадық. Сырт пішіні шағын болғанымен ішіне енсеңіз өзгеше әлем. Бүкіл Маңғыстау тарихын осы мұражайға тізіп қойғандай. Мұражай төрінде барлық жасауымен қазақтың қара шаңырағы киіз үйі. Ішіне енсеңіз көз жауын алатын баға жетпес дүниелер жинақталып тұр. Ескі дүние болсада осы киіз үй арқылыда өңірдің қаншалықты бай екеніне көз жеткізуге болады. Осы жерді мекендейтін түз тағылары, жабайы құстар, үй шаруасына қажетті құрал-саймандар. Тіпті мың бұралған қыз-келіншектердің асыл тастардан көмкеріліп жасалған зергерлік бағалы бұйымдарыда бұл мұражайдан ойып тұрып орын алыпты. Бөлмелерін аралай жүріп мұражай композициясы аса ұқыптылықпен жасалғананына көз жеткіздік. Өткен күннің тарихынан сыр шертіп, бүгінгі күннің белестерімен байланыстырған бұл мұражайдың өскелең ұрпаққа берер тағылымы мол екенін сезініп, Бейнеуліктер неткен бақытты деп түйдік алған әсерімізден. Қорыта келе іссапар уақыты көзді ашып жұмғандай өте шықты. Жүрдек поезға отырған соң да алған әсерден айыға алмадық. Көргеніміз бен көңілге түйгеніміз мол болды. Құлағымызда жыраулар үні күмбірлеп тұрғандай. Жан-жағымызда осы бір атырапты алқапты қасық қаны қалғанша қорғап, бүгінгі ұрпаққа аманаттаған бабалар ізі сайрап жатты. Қазақтың шырайлы өлкесі мұнайлы өлкесі әлі талай туристке таңдай қақтырары сөзсіз деген пайымға келдік.
Ерлан СЫЗДЫҚ
өлкетанушы
qazaquni.kz