Батыс Қазақстанда іскер әйелдер бас қосты
2015 ж. 21 қазан
2408
0
Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «Әйел. Саясат. Қоғам» деген тақырыпта халықаралық конференция болып, оған батысқазақстандықтармен қатар Ресейдің көршілес Орынбор, Самара және Қазақстанның Маңғыстау, Атырау облыстарынан белсенді әйелдер қатысты.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың атап өткеніндей, қазіргі таңда әйелдер қоғам мен саясатта белсенді күшке айналып, олардың арасынан шыққан басшылар мен кәсіпкерлер саны да көбейіп келеді. Бұл жағынан алғанда, Батыс Қазақстан облысы ел өңірлері ішінде алдыңғы қатарда.
Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенконың айтуынша, билік пен саясат тұтқасын ұстайтындардың арасында әйелдердің барынша көбірек болуы қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтады. Статистика көрсетіп отырғанындай, парламенті мен үкіметінде әйелдер саны 25-35 пайыздан аз елдерде ана мен баланы қорғау, балалар құқығын, отбасы құндылықтарын сақтау мәселелері жеткілікті шешілмейді. Ұлттық комиссия қызметі нәтижесінде Қазақстанда отбасылық-демографиялық және гендерлік саясатты шешуді мемлекеттік қолдаудың бірыңғай жүйесі жасалған. Елбасы Жарлығымен 2006 жылы 10 жылға есептелген гендерлік теңдік стратегиясы бекітілгені мәлім. Күні бүгін аталған стратегияның негізгі бағыттары орындалды деп айтуға болады. Қазақстан сондай-ақ әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою жөніндегі халықаралық талаптарды да сақтап келеді.
ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрайымы, тұңғыш әйел генерал Сәуле Айтпаева өз сөзінде отбасындағы ұрпақ тәрбиесі, жасөспірімдер құқығын қорғау мәселелеріне де ерекше мән берді.
Орынбор облысы әлеуметтік даму министрінің орынбасары Роза Палатованың сөзіне қарағанда, Қазақ елінде гендерлік теңдік мәселесі өз деңгейінде шешілген. 1997 жылғы қарашада Алматыда өткен үшінші халықаралық Орталық Азия конференциясында Қазақстанда осы мәселе кеңінен талқыланып, бастапқы қадамдар жасалған болатын. Содан бергі он сегіз жыл мерзімде бұл іс өз жемісін берді. Сауатты да іскер әйелдер саны әлдеқайда артып, олар маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдауға атсалысуда.
Конференция делегаттары әйелдердің көшбасшылық рөлі, Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес жаңа мүмкіндіктер мен тың жобалар, ондағы нәзік жандылардың үлесі, гендерлік теңдікті жүзеге асырудың бәсекеге қабілеттілікті арттыруға ықпалы төңірегінде ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар іскер әйелдер өз бизнесін ашу мен дамыту бағытында тренингтерге де қатысып, пайдалы ақыл-кеңестерге қанықты.