«Алтын тұлпар» аламан бәйгесіне маңғыстаулықтар белсенділік танытуда
2015 ж. 03 қыркүйек
2671
0
Астана қаласының маңындағы Қабанбай ауылы аумағында «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі өтеді. Бұл жарыстың мақсаты - ел арасында танылмай келе жатқан қазақы жүйрік жылқыларды жарыққа шығарып, халқымыздың байырғы дәстүрлі атбегелік өнерін жаңғырту болып табылады, деп хабарлайды Ұлттық спорт түрлері қауымдастығынан.
Қазір аталмыш жарысқа дайындық шаралары жүргізілуде. Дүбірлі доданы ұйымдастырушылардың бірі ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының үйлестірушісі Альберт Мүрсәлімовтің айтуынша, биылғы бәйгеге қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен өтінімдер келіп түсіп жатыр.
«Бүгінге дейін 68 үміткер тізімделді. Бірақ барлық құжаттары толық өтінім - 48. Ал қалған үміткерлер барлық құжат-қағаздарын толықтап бүгін-ертең жібереміз деп отыр. Жарысқа қатысуға ниет еткендер облыстық спорт басқармасының мөрі басылған, жарысқа қатысатын жүйрік мал дәрігерлік тексеруінен өткен қағазы және бәйгеге шабар шабандоз баланың ата-анасының рұқсаты болуы керек. Бұл қағаздар арнайы нотариус арқылы бекітілуі тиіс. Осы құжаттары талапқа сай болған жүйріктер бәйгеге жіберіледі», - деді А.Мүрсәлімов.
Былтыр жарысқа 77 ат тіркелген. Осылардан 49 жүйрік бәйгеге қосылған. Қалған 25 жылқының жарысқа қосылмай қалған себебі - қағаз-құжаттары дұрыс болмаған.
Жарысқа қатысуға бүгінгі таңда Павлодардан - 5, Қызылордадан - 5, Астана қаласынан - 5, Жамбылдан - 8, Маңғыстаудан - 11, Ақтөбеден - 1, Қостанайдан - 3, Қарағандыдан - 6, Атыраудан - 2, Шығыс Қазақстаннан - 2 жүйріктен өтінім келіп түскен.
Жарыс әр айналымы 12,5 шақырымды құрайтын 4 айналымды құрайды. 1.5 шақырым сайын бір-бірден 7 бақылау бекеті орналасады. Ол бақылау бекетінде төреші, мал және адам дәрігері, тәртіп сақшылары және камера тұрады. Бұдан басқа, 2 тікұшақ жарыс барысын биіктен бейнекамераға түсіреді.
Еске сала кетейік, биылғы «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің жүлде қоры 23 млн теңгені құраса, бас жүлде 10 млн. теңге деп жоспарланып отыр.