Құрылыстар қайта жанданады
2015 ж. 03 шілде
1314
0
V сайланған Маңғыстау облыстық мәслихатының кезектен тыс жиырма алтыншы сессиясында облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 11 желтоқсандағы №21/304 «2015-2017 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
№13 сайлау учаскесінің депутаты Табылды Әміров төрағалық еткен сессия жұмысына облыс әкімі Алик Айдарбаев, облыс әкімінің орынбасарлары, қала, аудан әкімдері, департамент және басқарма басшылары қатысты.
Алдымен «2015-2017 жылдарға арналған облыс бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде облыс әкімінің орынбасары Ш.Илмұханбетова баяндама жасады.
«2015 жылдың 1 маусымына дейін нақтыланған облыс бюджеті 155,2 млрд. теңгені құрайды. Жергілікті бюджеттің орындалуы мен бюджеттік қаражаттың игерілуіне талдау жасау нәтижесінде 6 млрд. теңге қосымша алынды. Қазіргі таңда нақтыланған облыс бюджеті 161,2 млрд.теңгені құрайды» деді ол.
Облыстың үш жылдық бюджетін бекіту барысында бағдарлама әкімшілерінің ұсыныстарын негізге ала отырып бюджеттік қаражат маңызды жобаларды жүзеге асыруға бағытталады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сумен қамтамасыз ету және көлік инфрақұрылымы салаларын дамытуға басымдық беріледі.
«Биыл «Ақ бұлақ» бағдарламасын жүзеге асыруға 401 млн. теңге бөлінді. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасына 1 млрд. теңге, көлік инфрақұрылымын салуға 673 млн. теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялауға 383 млн. теңге бағытталды» деді Ш.Илмұханбетова. Облыстық мәслихаттың депутаттық корпусы 2015-2017жылдарға арналған жергілікті бюджеттің орындалуы мен игерілуіне талдау жасау нәтижесінде бекітілген облыс бюджетіне енгізілген өзгерістерді бірауыздан мақұлдады. Сонымен қатар сессия қарауына енгізілген өңірдің дамуына үлес қосқан түрлі ұйымдар мен кәсіпорындар қызметкерлерін Маңғыстау облысының Құрмет грамотасымен марапаттау ұсынысы дауысқа салынып, депутаттар тарапынан қолдау тапты. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма алтыншы сессия жұмысын облыс әкімі А.Айдарбаев қорытындылады. «Ағымдағы жылдың бес айында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытынды макроэкономикалық көрсеткіштері өрлеу сипатымен серпінді дамуда. 2015 жылдың қаңтар-мамыр айларында өңірдің өндірістік кәсіпорындары 647,8 млрд. теңге сомасына тауар өндірді. 2014 жылмен салыстырғанда мұнай өндіру көлемі 1,3%-ға артқан. Табиғи газ өндірісі 14,4 %-ға ұлғайып, 980,2 млн. куб. метрді құрады. Мұнайгаз секторындағы кәсіпорындарды қолдау мақсатында облыс әкімдігі ағымдағы жылдың сәуір айында мұнай компанияларына салықтық салмақты–экспорттық кедендік баж салығының мөлшерлемесін нөлге дейін төмендетуді ұсынды» деді облыс әкімі.
Облыс әкімінің мәлімдеуінше, индустрияландырудың екінші бесжылдығында алпыстан аса жоба жүзеге асады деп жоспарланған. Оның 14-і 2015 жылы іске қосылады. «Аймақтарды дамыту» Мемлекеттік бағдарламасы аясында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, энергетикалық жүйелерді, білім беру нысандарын, денсаулық сақтау, коммуналдық шаруашылық саласын, тұрғын-үй қорын жаңғыртуға басымдық берілмек.
«Аз қамтылған және жас отбасыларға, мемлекет және жеке инвесторлар қаржыландыратын мекемелер қызметкерлеріне арналған тұрғын үй құрылысының жоғары қарқыны әлеуметтік тұрақтылықты қалыптастырмақ. Осы мақсатқа арнап 2014 жылы 26 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Оның ішінде 13 млрд. теңгеге жуығы бұл мемлекеттік инвестициялар. 2015 жылы қаражат көлемі 29 млрд. теңгеден асып түсті. Биыл денсаулық сақтау және әлеуметтік сала нысандарына, мектепке дейінгі балаларға арналған мекемелер мен орта мектептерге республикалық және жергілікті бюджеттен 18,8 млрд. теңгеден астам қаражат бөлу жоспарлануда» деді аймақ басшысы.Бюджеттік қаражаттың ұлғаюына байланысты ұзақ мерзімді жобаларды қайта жаңартуға мүмкіндік туды. Олардың қатарында Ақтау қаласындағы онкологиялық диспансер, Жаңаөзен қаласындағы терапевтік орталық бар. Сонымен қатар, Каспий жағалауындағы теннис орталығы құрылысы жанданады. «Аудандарда ауыларалық жолдар салу жұмысы жалғасады. Биыл Қызылтөбе ауылынан бастағалы отырмыз. Автожолдарды салуға және жаңғыртуға нақты қаражат бөлінді» деді А.Айдарбаев.Мектепке дейінгі балаларға арналған мекемелерді қайтару және салуға аса мән беріліп отыр. Биыл Ақтау қаласындағы 4 балабақшадан 1280 орын берілмек.
«Халықты жұмыспен қамту мәселесі қолға алынды. Ағымдағы жылдың 5 айы ішінде облыста 8944 жұмыс орны құрылды. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша бірталай жұмыс атқарылуда. Соңғы 5 ай ішінде жастардың жұмыссыздық деңгейі 6,8%-дан 3,8%-ға төмендеді. Жұмыссыз азаматтарға қоғамдық жұмыстарға жолдама беру жүзеге асуда. Бүгінгі таңда өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 52%-ды құрайды. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 0,2%-ға төмен» деді өңір басшысы.Сонымен қатар, биыл бірнеше маңызды әлеуметтік жобалар NCOC компаниясының қайырымдылық бағдарламасы бойынша қаржыландырылмақ. Бес жыл бойы NCOC компаниясы облыста әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға 25 млн. АҚШдолларын немесе 4,6 млрд. теңге қаражат жұмсады. Биыл, Ақтау қаласындағы «Жастар үйі», «Достық үйі» мен Құрық ауылындағы 500 орындық жатақхана, Рахат, Теңге ауылдарындағы спорттық кешендер аталмыш компанияның қайырымдылық қаражатымен бой көтермек» деді. Сессия жұмысын қорытындылай келе облысы әкімі депутаттарға белсенді қызметі үшін алғысын білдірді. V сайланған Маңғыстау облыстық мәслихатының жиырма жетінші сессияның төрағасы болып №2 сайлау учаскесінің депутаты Әли Сахимов сайланды.
Ақпарат көзі: Мangmedia.kz.