"Маңғыстауда жұмыссыз жүргендердің саны - 14,8 мың адам"
2014 ж. 18 қазан
3201
0
Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлмира Қалмұратова аймақтағы еңбек нарығының қазіргі жағдайы, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру мен оларға кәсіптік білім беру мәселелері туралы айтып берді.
– Гүлмира Мұратқызы, алдымен жергілікті жердегі жұмыссыздық деңгейін төмендету жөніндегі айтып өтсеңіз.
– Жергілікті атқарушы органдармен жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын қолдану, оның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру есебінен жұмыспен қамтамасыз етуге көмек көрсету жөніндегі көптеген іс-шаралар қабылданды. Жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс берушілермен және бизнес-қауымдастықпен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру жергілікті бюджеттен де, республикалық бюджеттен де дер кезінде және толық көлемде іске асырылады.
Үстіміздегі жылдың басынан бастап жұмыспен қамту органдарына 13064 жұмыссыз хабарласты. Олардың ішінде 2750 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, 1997 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді, 286 жұмыссыз кәсіби даярлауға жолданды, 586 адам әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді, 643 оқу орындарының түлегі жастар практикасынан өтуде.
2014 жылдың 1 қазанына 3424 жұмыссыз тіркелді. Есепке алынған жұмыссыздықтың деңгейі 1,2 пайыз құрайды.
Жыл басынан бері 20392 жаңа жұмыс орны құрылды, олардың ішінде өнеркәсіпте 2973 жұмыс орны, құрылыста 3753 жұмыс орны, транспортта 1124 жұмыс орны, білім саласында 858 жұмыс орны, ауыл шаруашылығында 136 жұмыс орны, экономикалық қызметтің өзге түрлерінде 5586 жұмыс орны ашылды.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыруда қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Жұмыспен қамту орталықтарына хабарласқан 2316 адам әлеуметтік келісімшарттарға қол қойып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының қатысушыларына айналды, бұл осы орталыққа хабарласқан адамдардың 79 пайызын құрайды. Мұнда жұмыссыздардың үлесі 82,6 пайыз (1913 адам), өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткен адамдардың саны 15,4 пайыз (356 адам) болды. Әлеуметтік келісімшарттарға қол қойған адамдардың арасында 21 оралман, 69 мүгедек, зейнетақы жасына жетпеген 50 жастан асқан 178 адам бар. Салыстыру үшін айтатын болсақ, 2013 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылған бұл санаттағы адамдардың саны 20 адамнан сәл-ақ асты. Осы бағдарламаға қатысушы жастардың үлесі 1278 адам немесе 55,2 пайыз, әйелдердің саны 1572 адам немесе 67,9 пайыз құрады.
Үстіміздегі жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарымен бірінші хабарласқан кезінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілмей-ақ 520 адам жұмысқа орналастырылды.
Жоспарланған 131 инвестициялық жобаның 101 жобасы бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде, олардың ішінде 77 жоба бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл жобаларға 849 адам, оның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына қатысушы 494 адам (58,2 пайыз) жұмысқа орналастырылды.
Халықты жұмыспен қамту орталықтарының бағыттары бойынша жұмысқа орналастыру үшін бағдарламаға қатысушыларға жұмыс орындарының 50 пайызынан кем емес орын беру жөніндегі Жол картасының шарттары барлық жергілікті атқарушы органдармен сақталуда.
Мақсатты трансферттерді игеру 1468,3 млн. теңге, оның ішінде жергілікті бюджетті игеру 152,4 млн. теңге немесе 62,1 пайызқұрады. Айта кететін болсақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының «Инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» деген бірінші бағыты бойынша қаржыландыру көлемі 2232,1 млн. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 1986,7 млн. теңге, жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыру 245,5 млн. теңге құрады. Мұнда 1034 жұмыс орындарын құру жоспарлануда, олардың 517 жұмыс орны бағдарламаға қатысушылар үшін ашылады.
Мал шаруашылығын дамыту, халыққа қызмет көрсету және мектепке дейінгі білім беру салаларында өз ісін ашу мен бизнесін кеңейтуге 259,4 млн. теңге сомаға 91 бағдарламаға қатысушыға шағын несиелер берілді. 101 бағдарламаға қатысушы тегін курстарда кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өткізілді.
– Жұмыссыздарды жаңа мамандықтарға даярлау қалай жүзеге асырылуда?
– Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінен бастап жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша оқыту ұзақтығы 1 жыл мерзімді кәсіптік даярлау басталды. Мәселен, технологиялық колледждің базасында облысымызда тұңғыш рет «Жамал-ай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тапсырысы бойынша есту қабілеті төмен 8 мүгедекті сурдо-аудармашының көмегімен кәсіптік оқыту қолға алынды.
2014 жылы жоспар бойынша жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша ұзақтығы 1 жыл кәсіби оқытумен 100 адам, 6 айға дейінгі қайта даярлаумен 220 адам, 3 айға дейінгі біліктілігін арттырумен 100 адам қамтылады. Үстіміздегі жылы кәсіптік оқытуға 540,1 млн. теңге, қайта даярлауға 34,9 млн. теңге, біліктілігін көтеруге 8,1 млн. теңге бөлінді.
Облыс колледждерінде 330 адам кәсіби оқуын жалғастыруда, үстіміздегі жылы 630 адам кәсіптік оқуды аяқтады. Қазіргі уақытта осы оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыруға көмектесу жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі таңда жұмыс берушілер тапсырыстарының негізінде 395 адамды қысқа мерзімді курстарда оқыту ұйымдастырылды, олардың ішінде 273 адам кадрларды қайта даярлаудан, 122 адам біліктілігін арттырудан өткізілуде.
Биыл жылдық жоспар бойынша 355 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 200 оқу орнының түлегі жастар практикасына орналастырылуға тиіс. Жыл басынан бері 364 бағдарламаға қатысушы облысымыздың 113 кәсіпорны мен ұйымында, шағын және орта бизнес субъектісінде әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды және 128 кәсіпорын мен ұйым оқу орындарының 295 түлегіне жастар практикасынан өту үшін жұмыс орындарын берді.
Үстіміздегі жылы Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласында 2 сегіз пәтерлік және 8 екі пәтерлік тұрғын үйлер пайдаланылуға берілді, бұл үйлерге 90 адамы бар 27 отбасы орналастырылды, балалар үйі жетімдері мен түлектерінің 17 отбасы, оралмандардың 8 отбасы және экономикалық әлеуеті төмен ауылдардың 2 отбасы бар.
Ауданның жұмыспен қамту орталығымен 28 адам жұмысқа орналастырылды, 1 адам кәсіби даярлауға жіберілді.
Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мен еңбек нарығындағы шиеленісті төмен дету мақсатында облыс әкімдігімен қосымша шаралар қабылдануда. Жастарды жұмыспен қамту, оның ішінде алдын ала оқытуды ұйымдастыру үшін жағдайлар жасауға бағытталған шаралар алынды, Жаңаөзен қаласында, Қарақия ауданының Жетібай мен Мұнайшы селоларында және Ақтау қаласының кәсіпорындарында кәсіби оқыту мен қосымша кәсіптік білім алуға, жастарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік жасалды.
Тамыз айында Жаңаөзен қаласының жұмыссыз тұрғындарының ішінен 7 адам «Каспий Битум» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, осы кәсіпорын іске кіріскеннен бері мұнайшылар қаласының жұмыссыз жастары арасынан 15 адам жұмысқа орналастырылды.
Жаңаөзен қаласында тұратын және тиісті кәсіптік даярлығы жоқ жұмыссыз жастар «Кейін жұмысқа орналастыру жолымен оқыту» бағдарламасына тартылатын болады. Мәселен, Ақтау тренингтік орталығында 20 жұмыссыз оқытылуда, оларға жатақханадан орындар берілді және стипендиялар төленуде. Бұл оқуға жергілікті бюджеттен бөлінген шығындар 70 млн. теңгеден астам, 1 адамға шығын 300-380 мың теңге құрайды.
Үстіміздегі жылдың 22 қыркүйегінен бастап 25 адамнан құралған тағы бір топ оқуға кірісті. Жыл аяғына дейін 60 адам оқумен қамтылатын болады, олар оқуын аяқтағаннан кейін жастар жатақханасы беріле отырылып, «АқтауОйлМАШ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмысқа орналастырылады. Сондай-ақ жыл аяғына дейін 75 адамды Ақтау қаласының кәсіпорындарына орналастыру жоспарлануда.
Білікті кадрларға қажеттілікке байланысты Қашаған жобасының 2 фазасындағы бұрғылау мен барлау бағдарламасының шеңберінде Маңғыстау облысының жастарын кейіннен жұмысқа орналастыру үшін кәсіби оқытуды ұйымдастыруға «Теңізшевройл» компаниясымен қаржылар бөлу жөнінде келісім бар. Осыған орай 2014 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберінде қайта даярлау бағдарламасын қосымша қаржыландыру жөнінде шаралар қабылданды, бұл біздің тапсырысқа Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен 260 млн. теңге көлемінде қолдау білдірілді.
Жетібай мен Мұнайшы селоларының жұмыссыз жастары ішінен тағы бір топ «Ерсай КК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үшін оқу орталығының базасында оқу бағдарламасы бойынша оқуға кірісті.
Облыс әкімдігімен жұмыссыз азаматтарды кәсіби даярлау жөніндегі шараларды қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 48 млн. теңге, 160 орынға арналған жастар жатақханасының ғимаратын сатып алуға 450 млн. теңге бөлінді.
Аймақта іске асырылып жатқан жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарының 10 пайызын квоталау, ашылып жатқан жаңа өндірістер үшін кадрларды даярлау жөніндегі шараларды әкімдікпен қосымша қаржыландыру, кәсіптік-техникалық білім беру оқу орындарын жаңғырту, оқу орындарының түлектерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу орталығын құру жөнінде бастамашылармен келісімге қол жеткізілді.
Бұл іс-шаралар еңбек нарығындағы шиеленісті төмендетуге мүмкіндік беріп, халықты жұмыспен қамтамасыз етуге кең жол ашады.
– Жұмыссыздық деңгейі қандай дәрежеге дейін төмендеді?
– Біздің облысымызда 596,8 мың халық бар. Өткен жылмен салыстырғанда, халықтың өсу көрсеткіші 103,5 пайыз құрады. Аймағымызда жұмыс істейтін адамдардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Қазір еңбек ететін халықтың саны 266,3 мың адамды құрайды, бір жылдың ішінде жұмыс істейтін адамдардың саны 7,3 мың адамға ұлғайды. Олардың ішінде тұрақты жалақы алатын 247,1 мың жалдамалы қызметкер (92,8 пайыз) бар, жалдамалы қызметкерлердің өсу көлемі 102,3 пайызға тең. 19,3 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отыр, олардың үлесі экономикалық белсенді халықтың 6,9 пайызын, жұмыспен қамтылған халықтың 7,2 пайызын (Қазақстан Республикасында – 29,9 пайыз) құрайды.
Бүгінгі таңда облысымызда жұмыссыз халықтың саны – 14,8 мың адам, өткен жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіштің 0,4 мың адамға төмендегені байқалады. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайыз (2013 жылы – 5,5 пайыз) құрайды. Жұмыссыздық көрсеткіштеріне көз салсақ, олардың бірте-бірте азайып келе жатқанын көреміз. Бұл жақсы үрдіс алдағы уақытта да жалғасын таба береді деп сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
"Маңғыстау" газеті. Әбдіғалым Сәркенов.