Бірлестіктің мақсаты – жастар саясатына қолдау көрсету және жастардың отансүйгіштік қасиетін арттыру
2014 ж. 03 қыркүйек
4142
0
«Қайсар» әскери-патриоттық клубтары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Мұхамеджановпен болған сұхбат.
Жастарды әскери-патриоттық тәрбиеге баулитын клуб қашан ашылды?
– Алғашқы рет клуб «үйірме» ретінде ашылып, кейін ресми түрде тіркеліп, барлық құжаттары заң бойынша бекітіліп, клубқа айналды. Қазір ол «Маңғыстау аймақтық әскери-патриоттық клубтар «Қайсар» лигасы » қоғамдық бірлестігі деп аталады. Бірлестіктің мақсаты – жастар саясатына қолдау көрсету және жастардың отансүйгіштік қасиетін арттыру. Клуб қатысушылары патриоттық-әскери ойындар мен слеттарға қатысады. Біз жастарға тек алғашқы әскери дайындықты үйретіп қана қоймай, музыка саласында да хабардар етеміз. Қазір клубта 2 ансамбль жұмыс істейді: «Голубые береты» және «Спешлферст». Олар әскери әндер шырқап, түрлі музыкалық аспаптарда ойнайды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Бауыржан Мұхамеджанов болған кезде мерекелік шараларда өнерлерін паш еткен болатын. Клубтан тәлім алған балаларға мектеп тамамдаған соң арнайы мінездеме жазып береміз.
– «Қайсар» бірлестігі қандай патриоттық жобаларды жүзеге асырды?
– Бүгінде «Қайсар» клубы «Балалар ауылы», кешкі мектеп пен №10 орта мектепте құрылды. 14-18 жас аралығындағы жастарды қабылдайтын патриоттық ұйымның басты міндеті – жастардың еліне деген сүйіспеншілігін оятып, бойына адамгершілік, батылдық, ізгілік секілді қасиеттерді сіңіру. Клуб ішінде әскери оркестр мен құрметті қарауылдар құрылады. Қазір «Медициналық колледжде» клуб құру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ осыған ұқсас «Қайсар» клубын Атырау облысында да құруды жоспарладым. Биыл жазда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен алғашқы әскери-сауықтыру лагерін аштық. №25744 теңіз жаяу әскери бригадасының базасында өткен лагерь пилоттық нұсқа болғандықтан үш күнге ғана жалғасты. Оған өңіріміздің барлық ауданынан келген 12-18 жас аралығындағы 35 бала қатысты. Лагерьде балалар әскери техникалармен танысып қана қоймай, қоян-қолтық ұрыстың, атыс пен әскери барлаудың қырсырына қанығып, нағыз әскери өмірге араласты. Лагерьде «Балалар ауылынан» келген жасөспірімдермен қатар үйінде ата-анасын тыңдамайтын күрделі жастар да болды. Болашақта осы лагерьдің уақытын 2 аптаға, не болмаса 10 күнге созуды көздеп отырмыз. Лайықты қаражат бөлінсе, ойымызды жүзеге асырмақпыз. Жобамыздың басқа лагерьлерден артықшылығы көп. Мәселен, кейбір лагерьлерде бүлдіршін қажетті біліммен сусындамай, тек демалса, әскери бағыттағы лагерь балдырғанды шынықтырып, патриоттық тәрбиемен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бала қоғамдағықасаң көзқарастардан арылады. Бала әскер өмірін көрген соң, азаматтық борышын өтеуден қашпайтын, қорықпайтын болады. Демек аталмыш жобамыз әскери қызметтің рөлін арттыруға мол үлесін қоспақ.
– Елімізде әскери-патриоттық бағыттағы клубтардың маңызы қандай деп ойлайсыз?
– Маңғыстау аймағында республикалық мамандандырылған кәсіби-әскери бағыттағы мектеп-интернатты ашу ұсынысымен облыс әкімдігіне хатпен шықтық. Себебі, қазір батыс аймақта бірде-бір әскери мектеп жоқ. Мүжәлсіз отбасылардан шыққан балалардың болашағына алаңдауымыз қажет, оларға мүмкіндік беру керек. Бала құқықбұзушылық жасап, есірткі пайдаланып, қылмыскер атанғанша, оны әскер өміріне тартып, Отан қорғауға баулу қажет. Қазір жастар алдында мүмкіндік көп, барлық есік ашық. Тегін білім, тегін емделу сынды артықшылықтарға қолжетімділік бар. Сондықтан баланы жастайынан дұрыс бағытта тәрбиелеу керек. Бір мысал келтірейін. Ата-анасы тастап кеткен баланы әскери отбасы қолына алады. Оның қоғамнан жырақтығы, жабайылығы шектен шыққаны соншалық, тіпті жуындыру мен тамақтанудың өзі үлкен проблема болады. Бала әскер адамдарының қолында тәрбиеленген соң Астанадағы әскери бағыттағы мектепте, одан соң әскери институтта білімін толықтырады. Қазір ол қандай болды деп ойлайсыз? Ол қазір Отан үшін отқа түс десе дайын тұр. Нағыз кәсіби әскери адамға айналды. Егер де болашағына алаңдамасақ, ол қандай болып ержетер еді? Одан қандай адам шығар еді? Жауап беру мүмкін емес. Дұрыс бағытта тәрбиелемеген болсақ, баланың болашағы неғайбыл еді. Міне, сондықтан өңірімізде әскери мектептің салынуы өзекті мәселе деп білемін. Далада саңдалып жүрген жасөспірімдерді тәртіпке шақырып, осындай әскери бағыттағы мектептерде оқытқанымыз жөн. Өкінішке орай, ұсынысым көптеген шенеуніктердің көңілінен шықпады. Олар жағдайы мүшкіл балалардың болашағына алаңдағысы келмейді! Заң алдында бәрі тең екенін түсінбейді. Қазір АӘД сабақтары да мектептерде 1 сағатқа азайған. Әскери қызметтің рөлі төмендеуде. Осыны дұрыстауымыз керек.
– «Қайсар» бірлестігінің алдағы жоспарларымен бөліссеңіз...
– Күзде Астана қаласында Елбасымыздың қатысуымен тұңғыш рет республикалық әскери-патриоттық бағытта форум өтеді. Оған облыс әкімінен бастап, бірлестіктен 24 жасөспірім аттанбақ. Қазір соған арнайы форма киімін тіктірудеміз. Қаражат жағын облыс әкімдігі қамтамасыз етпек. Біз форумға баратын балаларды дайындауға бар күшті салудамыз. Олардың республикалық форумда паш ететін өнері, әскери көріністерін және т.б. жұмыстарын қадағалаудамыз.
"Маңғыстау" газеті. Ханым Қуат.