"2014 жылдың 9 айында -27201 азаматтық хал актілері тіркелген"
2014 ж. 30 қазан
2956
0
Маңғыстау облысы әділет департаменті басшысы Бақтыгүл Атағазиевамен сұхбат саладағы өзгерістер мен жаңалықтар жайында білген еді.
– Сот орындаушылардың әділет департаменттеріне қосылуымен қандай өзгерістер орын алуы мүмкін?
– Жаңа басшылықпен де сот орындаушыларына қойылатын басты талап – қолданыстағы заңнама шеңберінде қызмет ету.
Бүгінгі таңда сот орындаушыларына өте жауапты да маңызды мемлекеттік міндет жүктелген. Сот шешімдерінің уақтылы орындалуы тек сот орындаушыларының ғана емес, сот органдарының беделін айқындайды. Күнделікті тәжірибеде азаматтар, заңды тұлғалар және мемлекеттің бұзылған заңды мүдделері сотпен қалпына келтірілгенімен бірқатары іс жүзінде орындалмай, қағаз жүзінде қалып қоятыны жасырын емес.
Бүгінде азаматтарымыздың жеке сот орындаушыларының қызметіне көбірек жүгінуі мемлекеттік сот орындаушыларының жүктемесін едәуір азайтып, сот актілерінің толыққанды және уақтылы орындалуына септігін тигізетіні сөзсіз.
– Жеке сот орындаушылары институты туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
– Елімізде жеке сот орындаушылар институты шет мемлекеттердің оң тәжірибелері негізінде екшеленіп, жан-жақты талқыланып барып енгізілген. Жеке сот орындаушылардың да, мемлекеттік орындаушылардың да қызметтерін бір заң, яғни қолданыстағы ҚР «Сот өндірісі және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Заңы реттейді. Басты айырмашылық жеке сот орындаушыларының бір жағы мемлекет қатысатын құжаттарды орындауға және жалпылама қамауға алу, мүлікті тәркілеу сияқты жазалау шараларын қабылдауға құзыреті жоқ.
Жеке сот орындаушылары табыс көздері өндірілген соманың белгілі бір бөлігінен құралатындықтан, атқару құжатының тез әрі нәтижелі орындалуын көздейді. Бұл өз кезегінде жұмыстың оң нәтижесі мен жеделдетілуіне әкеледі. Мемлекеттік қызметтегі әріптестерінен тағы бір артықшылығын айта кетсек, мемлекеттік сот орындаушысында 1000-нан астам сот актілері болса, жеке сот орындаушыларындағы істер саны әлдеқайда аз. Көрсетілген жұмыс көлемінің айырмасы да жұмыстың нәтижелі болуына үлкен әсер ететіндігі сөзсіз.
Қазіргі таңдағы басты мәселе жеке сот орындаушылар институтының енгізілгеніне біршама уақыт өткеніне қарамастан, азаматтарымыздың басым бөлігі олардың қызметіне жүгінбей отырғандығы. Осы жерде азаматтарымыз жеке сот орындаушыларының қызметіне төленетін ақының өтініш берушіден емес, борышкердің есебінен жүргізілетіндігін түсінуі керек.
Сондықтан азаматтарымызды өз қарыздарын өндіріп алумен қатар қаражаттары мен уақыттарын да үнемдегілері келсе, жеке сот орындаушыларына жүгінуге кеңес береміз.
– Басты қызмет бағыттарыңыздың бірі АХАЖ саласы бойынша да үлкен бетбұрыстар орын алуда екен.
– Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 25 тамыздағы №898 «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес әділет департаментінің азаматтық хал актілерін тіркеу қызметі жергілікті атқару органдарына берілді.
90 жылдан астам тарихы бар АХАЖ органдарының қалыптасуына көз жүгіртсек, бірнеше мәрте реформалардан өткенін көруге болады. 1921 жылы 5 наурызда ҚССР-ның Халық комиссарлар кеңесінің азаматтық хал актілері жөнінде Декреті қабылданып, азаматтық хал актілерін тіркеу қызметі Әділет халықтық комиссариатының қарауында болған. 1935-1959 жылдар аралығында Ұлттық ішкі істер комитеті (НКВД) жүйесіне өтіп, одан кейін 1998 жылға дейін азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі болып жергілікті атқарушы органдар құрамында болған. 1998 жылдан бастап әділет органдары қатарына қайта қосылып, негізгі қызмет салаларының бірі болып келген.
Бүгінде АХАЖ саласы бойынша азаматтарға ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің талаптарына сәйкес, туу, қайтыс болу, неке қию (ерлі-зайыпты болу), некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу, бала асырап алу, әке (ана) болуды анықтау, атын, әкесінің атын және тегін өзгерту бойынша 7 түрлі мемлекеттік қызмет ұсынылады. Басты міндет – халыққа сапалы әрі уақтылы мемлекеттік қызмет көрсету.
Қашанда қоғаммен қызметі біте қайнасып, халықтың қуанышына да, қайғысына да ортақтасып қызмет ететін АХАЖ саласының жұмыс ауқымы жылдан-жылға өсуде.
Мысалы, облыс бойынша 2012 жылы -36160, 2013 жылы -39245, 2014 жылдың 9 айында -27201 азаматтық хал актілері тіркелген.
– Аталған қызмет жергілікті атқару органдарының құзыретіне толыққанды қашан беріледі?
– Жоғарыда аталған Жарлықты жүзеге асыру мақсатында ҚР «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 239-V Заңы қабылданып, күшіне енді. Қазіргі таңда департамент және қала, аудан әкімдіктерімен бірлесе АХАЖ саласын қабылдау-тапсыру бойынша жұмыс тобы құрылып, мамандардың жұмыс орындары, материалды-техникалық қамсыздандыру, локальдық жүйелерді орнату, т.с.с. дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аталған өзгерістер негізінде азаматтық хал актілерін тіркеу қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілер бекітілген соң, жақын арада толыққанды әкімдіктер құрылымында қызметін жалғастырады деп жоспарлаудамыз.
Жарлыққа сәйкес, азаматтық хал актілерінің қолданыстағы заңнамаға сәйкес тіркелуін бақылау және нормативтік-әдістемелік көмек көрсетілуін қамтамасыз ету әділет департаменттерінің құзыретінде қалатындығын айта кету қажет. Тиісінше облыстық деңгейдегі АХАТ және апостильдеу бөлімдері сақталып, азаматтық хал актілері жазбаларының облыс бойынша мұрағаты әділет департаменттерінде қалады.
Осындай үлкен де жауапты міндетті әділет органдары ҚР заңнамасы аясында абыроймен атқарды деп мақтанышпен айта аламыз және алдағы уақытта да өз биігінен түспейді деген сенімдеміз.
Ақпарат көзі: "Маңғыстау" газеті. Еркеш НӘРЕМБАЕВА.