Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған Бокстан VIII Халықаралық турнирі аяқталды
2014 ж. 21 қазан
1474
0
Ақтауда Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен әрі «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-ы және НКОК компаниясының демеушілігімен КСРО спорт шебері, «Қазақ боксының атасы» атанған Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған Бокстан VIII Халықаралық турнирі аяқталды. Дәстүрге айналған спорттық сайысқа шаршы алаңда шеберлігін сынасуға еліміздің әр түпкірінен және Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түрікменстан, Ресей, Украина, Молдова елдерінен 110-ға жуық боксшы келді.
– Бүгінде ҚР-ның спорт шебері, Қазақстан бокс мектебінің негізін қалаушы, Маңғыстау тумасы Шоқыр Бөлтекұлының ізбасарлары жетіліп келеді. Ел мерейін өсіріп, төбемізді көкке жеткізген абыройы асқақ ұландар аз емес. Олардың қатарында 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы Лондон олимпиадасының күмісжүлдегері Әділбек Ниязымбетов, 2013 жылғы Азия чемпионы әрі Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Берік Әбдірахманов бар. Олар жастарға үлгі болып, өжет әрі өр рухты өрендерге үлкен стимул әкелмек. Биылғы турнир шеберлікті шыңдауға, талантты танытуға зор мүмкіндік тудырып отыр, - деді облыс әкімі Алик Айдарбаев.
Алғашқы кезеңдік іріктеу сынында жеңіске таласқан ОҚО тумасы Сұлтан Заурбек 56 келілік салмақ бойынша өз қарсыласы әзірбайжандық Мурад Әлиевті техникалық нокаутпен тізе бүктірсе, 64 келілік салмақта жерлесіміз Жәнібек Әжібай өзбекстандық Кудратилло Абдукахоровтан айласын асырған еді. 60-келі салмақта жамбылдық Асхат Нәметкерім украиналық Хегай Арнольдты жеңсе, маңғыстаулық Нұрсұлтан Орынбаев жамбылдық Дулат Бекбауовпен жұдырықтасып, келесі кезеңге жолдама алған болатын.
Халықаралық бокс федерациясы тарапынан «А» санатына енгізілген турнир қазанның 19-на дейін жалғасты. Төрт күнге созылған дүбірлі додада қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің мысы басым болды. Соның ішінде Маңғыстаудың үш саңлағы ақырғы айқаста өз үстемдігін танытты. Алғашқы алтын жүлдені 52 келі салмақта қарсыласы қызылордалық Бекқожа Иннаятуллаевпен түскен таласта тайсалмай топ жарған маңғыстаулық Қуаныш Сәрсенбаев өз қанжығасына байлады. Одан өзге 49 келі салмақта ОҚО тумасы Шалқар Айқынбай, 56 келі салмақта ақмолалық Нұрсұлтан Көшеғұлов, 60 келі салмақта астаналық Дархан Жұмсақбаев чемпион атанды. 64 келі салмақта жерлесіміз Серік Жетібаев Салауат Мырзабаевқа есесін жібермей, алтынды еншіледі. 69 келі салмақта қызылордалық Жалғасбай Қазыбай, 75 келі салмақта Маңғыстау тумасы Сүлеймен Бердукаев, 81 келі салмақта Ақмола облысы тумасы Нұрдәулет Жарманов, 91 келі салмақта украиналық Ростислав Архипенко, жоғары салмақта оңтүстіктен келген оғлан Нұржан Бекзатов жүлдегер атанды. Турнир жеңімпаздарына «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы берілді. Бұдан өзге «Жеңіске деген ұмтылыс» марапаты Нұрсұлтан Көшегуловқа табысталса, «үздік техникасы үшін» марапатына Нұрдәулет Жарманов ие болды. Көрермен көзайымына айналған Дархан Жұмсақбаев пен Еркеғали Назаралиевтің бәсекесі «үздік айқас» ретінде танылды. «Турнирдің үздік төрешісі» марапаты молдавалық Иван Поддубныйға берілді. Жұртшылықтың ерекше ықыласына ие болған турнир жоғары деңгейде өтті.