Зейнетақы жүйесін жетілдіру істері төңірегінде әңгіме
2014 ж. 17 қазан
2301
0
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Гаухар Мұханбетовамен зейнетақы жүйесін жетілдіру істері төңірегінде әңгіме өрбітті.
– Зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдіктері жүйесін жетілдіру қандай жолдармен іске асырылады?
– Әлеуметтік жаңғырту идеологиясына сәйкес халықаралық стандарттарда көзделген зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдіктерін іске асыру үшін базалық деңгейде зейнетақымен қамсыздандыруды ұйымдастыруға өзгерістер енгізу ұсынылады.
Қазіргі кезде зейнеткерлік жасқа жеткен ортақ жүйенің қатысушысы болып табылатын немесе жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы жарналарын аударатын адамдарға базалық зейнетақы олардың еңбек өтіліне және жалақысына қарамастан біркелкі мөлшерде тағайындалады, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі жоқ және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспаған адамдарға жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы беріледі, оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызын құрайды.
Халықаралық тәжірибені ескере отырып, зейнеткерлер арасында кедейліктің алдын алу және еңбекке қабілетті жастағы азаматтардың экономикалық белсенділігін ынталандыру мақсатында 2017 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны азаматтар зейнеткерлік жасына жеткен кезде ғана, сондай-ақ зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындауға көшуді жүзеге асыру, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан кем адамдар үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы мөлшерінде әлеуметтік зейнетақы белгілеу іске асырылады, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл болса, базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы мөлшерінде белгілеу ұсынылады, ал 10 жылдан асқаннан кейін әрбір жылға оның мөлшері 2 пайызға ұлғайтылады және қатысу өтілі 35 жыл және одан көп болса, ол ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең болады.
Осылайша, ұсынылып отырған өзгерістер тек зейнеткерлер арасында кедейлікті азайтуға ғана емес, сонымен қатар азаматтардың еңбекке ынтасын күшейтуге және еңбек қатынастарын заңдастыруға бағытталған. Олар қазіргі зейнеткерлердің де, сол сияқты болашақ зейнеткерлердің де мүдделеріне сай келеді. Қазіргі зейнеткерлер үшін зейнетақымен қамсыздандырудың ортақ, сол сияқты жинақтаушы жүйелеріне қатысу өтілін ескере отырып, базалық зейнетақыны қайта есептеу жүргізілетін болады. Бұл еңбек өтілі көп болса да, зейнетке шыққан кезде табыстары туралы мәліметтердің, сондай-ақ заңнамалық тұрғыдан белгіленген шектеулердің болмауына байланысты төмен мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлер үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыруға мүмкіндік береді.
Ортақ жүйеден жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшкен кезеңде (2030 жылға дейін) зейнетке шығатын азаматтар үшін базалық зейнетақы 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған еңбек өтілі ескеріліп, 1998 жылдан кейін жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы жарналарын төлеу кезеңінде тағайындалады.
Тек жинақтаушы зейнетақы және шартты-жинақтаушы құрамдауышқа қатысушылар зейнеткерлік жасқа жеткен кезде (2030 жылдан бастап) олардың зейнетақы төлемдерінің жиынтық мөлшері зейнетақының ең төменгі әлеуметтік қолайлы деңгейінен төмен болған жағдайда, олар үшін базалық зейнетақыдан ең төменгі кепілдік берілген зейнетақы тағайындауға өту жүзеге асырылатын болады.
– Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің шартты-жинақтаушы құрамдауышы дегеніміз не және ол қашан қалай енгізіледі?
– Зейнетақымен қамсыздандырудың барабарлығын сақтау үшін 2018 жылдан бастап зейнетақы жүйесінің жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу ұсынылады.
Жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышында зейнетақымен қамсыздандырудың жинақтау, сол сияқты тарату қағидаттары да бар.
Өздерінің пайдасына жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен қызметкер табысының мөлшерінен есептелетін 5 пайыз міндетті зейнетақы жарналарын аударатын қызметкерлер шартты-жинақтаушы құрамдауышына қатысушылар болып табылады.
Шартты міндеттемелерді есепке алу БЖЗҚ-да ашылған жеке шоттарда жүргізіледі.
Жинақтар шартты болып табылады, мұраға қалдырылмайды және жүйеге қатысушының меншігі болып табылмайды.
Жарналар капиталданады және қаржы құралдарына инвестицияланады, бұл ретте кіріс инвестициялық қызметтің нәтижелеріне, сондай-ақ қаржы нарықтарының жай-күйіне байланысты қалыптасатын болады.
Зейнетақы төлемдеріне құқық басталатын ең төменгі өтіл 5 жылды құрайды. Белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде ғана төлемдер жүргізіледі.
Зейнетақы төлемдері өмір бойы жүргізіледі. Зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшері демографиялық құрамдас бөлікке және жүйенің қаржылық көрсеткіштеріне тәуелді болады.
Инфляция деңгейін ескере отырып, жарналардың сақталуы бойынша мемлекеттік кепілдіктер шартты-жинақтаушы құрамдауышына қолданылмайды.
– Еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстармен айналысатын адамдарды зейнетақымен қамсыздандырудың міндетті кәсіптік схемасын жетілдіру деген сөзге түсінік бере кетсеңіз.
– 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметкерлердің міндетті зейнетақы жарналарына қосымша еңбекақы төлеу қорының 5 пайызы мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (бұдан әрі-МКЗЖ) енгізілді. Бұл ретте, жұмыс берушілер өндірістің тек зиянды түрлері бойынша және сонда жұмыс істейтін адамдарға ғана МКЗЖ аударуға тиісті.
Зиянды өндіріс түрлерінің тізбесін және онда жұмыс істейтін қызметкерлер кәсіптерінің тізімін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітті және еңбек жағдайларының өзгеруіне қарай кезең-кезеңімен қайта қаралатын болады.
Еңбек жағдайлары ерекше жұмыс орындары бар жұмыс берушілерді ынталандыру үшін еңбек жағдайларын жақсартқан және жұмыс орындарын аттестаттау нәтижелері бойынша осындай жұмыс орындарын оңтайландырған жағдайда, МКЗЖ жүзеге асырылмайды деп заңнамалық тұрғыдан бекітілді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Ақпарат көзі: "Маңғыстау" газеті. Әбдіғалым СӘРКЕНОВ.