«Ең үздік бизнес-идея» жәрмеңкесі өткізілді
2014 ж. 23 қазан
3122
0
Таяуда «Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының » мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Жастар жетістіктері» қоғамдық қоры ынталы жастарға бизнес әлеміне енуге мүмкіндіктерді ұсыну және шағын кәсіпкерлікті насихаттау мақсатында облыс көлемінде «Ең үздік бизнес-идея» жәрмеңкесін өткізді. Оған инновациялық, келешегі айқын да ғұмырлы бизнес-идеяларды әзірлеген 20 болашақ кәсіпкер қатысты.
Осымен екінші мәрте ұйымдастырылған жәрмеңкеде қатысушылардың кәсіби біліктілігі, бизнес-идеяның бәсекелестікке қабілеті, жүзеге асыру мүмкіндігі және аймаққа әкелер пайдасы- сынға алынар басты критериялар болды.
Өткен жылғы жәрмеңкенің жеңімпазы атанған Ескендір Сардарбеков осы жылы тағы да бағын сынап, алғашқы болып идеясын таныстырды. Оның бизнес-идеясы - маңғыстаулықтарды таза экологиялық ешкі сүтімен қамтамасыз ету. Бұл отандық экологиялық өнімді өндіру арқылы жас кәсіпкер өлкедегі сүт ассортиментін ұлғайтуға үлес қосып, мал шаруашылығын диверсификациялап, салық түрінде бюджетке түсімді ұлғайтуды көздеп отыр. Маңғыстау гуманитарлық техникалық университетінің 4-курс студенті болса да, Ескендірдің өз кәсібін бес саусақтай білетіні аңғарылып тұрды. Сондай-ақ ол жоспарында ешкі фермасын ашу үшін қаржыландыру көздерін есептеп, шөп уатқыш, сауын аппараты секілді заманауи технологияларға қанша қаражат бөлінетінін, қанша кіріс түсетінін және қандай тұтынушылар тартатынын да қарастырып қойған. Бизнес жүргізуде сауаттылығы жоғары жігіттің бизнес-жоспарына әділқазылардың айтар міні болмады. Ал екінші үміткер Бекжан Шоқановтың идеясы - «BALBALA» атты жеке балабақша ашу әділқазылардың көңілінен шықпады. Жобаның бүлдіршіндерге мемлекеттік білім беру, ұлттық сусындар ішкізу, ұлттық аспаптарды меңгерту сынды артықшылықтары болса да, идеяның жүзеге асыру жолында көптеген тосқауылдар тұр. Тағы бір қатысушы - Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-дің 4-курс студенті Перізат Мухаммет балаларға арналған ғылыми-зерттеу орталығын ашуды ұсынды. Оның мұражай, «Планетарий» залы және лабораториядан құралатын орталықты іске қосу идеясы да өте күрделі саналып, көңілге қонбады.
Нәтижесінде, «Ең үздік бизнес-идея» түпқарағандық жас Догдырхан Ерманованың ательесі атанды. Матадан ұлттық киімдер, кешкі сәнді көйлектер, сөмкелер мен ойыншықтарды сапалы әрі уақытында тігу, жұмыссыз әйелдерді еңбекке тарту сынды ұтымды жақтарымен Догдырханның мерейі үстем болды. Әділқазылардың шешімімен оған қолдау ретінде 100 000 теңге қаражат бөлінді.
- Кәсіпкерліктің кенже қалуының бір себебі, жергілікті бизнесмендердің өз саласын жеткілікті білмеуі. Қаражат көзін тауып, бизнесін бастауға батылы жетсе де, өз ісінің майталманы болмайынша, жетістікке жету мүмкін емес. Біздің қор көкірегі ояу, көзі ашық жастарды кәсібін ашуда қандай қадамдар жасау керектігін үйретіп, өз ойын еркін жеткізуге дағдыландырады. Жәрмеңкеге қатысқан жастар әділқазылардың сындары мен мақтаулары арқылы бизнес-идеяларының кемшін тұстары мен артықшылықтарын көреді. Қазірден бастап болашақ кәсіпкерлерге қателіктерін нұсқап, дұрыс бағыт сілтесек одан тек ұтарымыз хақ. Тәжірибелі болмасаң да, қызметіңді бүге-шүгесіне дейін білу керек. Біздің жәрмеңкенің басты мақсаты - осындай қарапайым кеңестермен жастарға көмектесіп, жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға титтей болса да үлес қосу,- деді «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының директоры Ж.Маханбетова.
Дереккөз: Қазақпарат