Апатты жағдайдағы, үш ауысымда білім беретін мектептер жойылады
2014 ж. 16 қазан
2530
0
2015 жылдан бастап Маңғыстау облысында апатты жағдайдағы және үш ауысымда білім беретін мектептер жойылады.
Республикалық бюджет қаражаты есебінен облыста 200 орынды мектептің құрылысы аяқталып, екі 624 орынды мектептердің құрылысы басталды. Сонымен қатар, республикалық бюджет қаражаты есебінен Мұнайлы ауданында 1200 орынды және Бейнеу ауданында 900 орынды мектептің құрылыстары басталмақ. Бұл оқу ғимараттары келер жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осылайша өңірде апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі түбегейлі шешілмек.
Қазіргі таңда облыста оқушыларға үш ауысымды кезеңмен дәріс беретін 4 мектеп жұмыс жасайды. Қазіргі таңда Форт-Шевченко қаласында 550 орынды мектептің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың қараша айында Түпқараған ауданындағы үш ауысымда білім алатын оқушылар енді жаңа заманауи талапқа сай салынған ғимаратта оқитын болады.
«Осылайша 2015 жылы апатты және үш ауысымдық мектептердің мәселесі толықтай шешіледі. Сонымен қатар оқушылардың қауіпсіздігі үшін облыстағы 218 мектепте бейнебақылау камералары және Ақтау қаласындағы жеті мектепте турникеттер орнатылды »,-дейді облыс әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысында 140 мектепте 108 000-ға жуық оқушы білім алады. Енді келер жылдан бастап өңірдегі бастауыш сынып оқушыларының барлығы (1, 2, 3, 4 сыныптар) жергілікті қазынадан бөлінетін қаржы арқылы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілмек.
Дереккөз: Қазақпарат.