Республика бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,6% құрады
2014 ж. 14 қазан
1897
0
Маңғыстау облысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Тахир Балықбаев, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Дәулет Арғандықов іс-сапармен келді. Облыстағы жұмыссыздық проблемасын талқылай келе, «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында тұрақты жұмыс орындарын құруды ұсынды.
Жұмыс сапары барысында Гүлшара Наушақызы алдымен №1 Маңғыстау облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған түзету балабақшасында болып, нысанның жұмысымен танысты. Қазіргі таңда мұнда 127 балаға 30 педагог тәлім-тәрбие беруде.
Премьер-министрдің орынбасарының бас сұққан екінші нысаны Маңғыстау туризм колледжі болатын.
«Білім алған мамандардың басым көпшілігін жұмыспен қамту жақсы жолға қойылған. Елбасының өзі Кендірлі демалыс аймағын дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Сондықтан да бұл жерде білім алған мамандар аймақтағы туризмді көркейту үшін еңбек етеді деп ойлаймын. Білім ордасында дуальдық оқытуды мықтап қолға алуымыз керек»,-деді журналистерге берген сұхбатында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова.
Аудандағы 3 пен 6 жас аралығындағы баланың жеті мыңға жуығы балабақшамен қамтылған. Алайда алты мыңнан астам бала балабақша кезегін үйлерінде күтуге мәжбүр. Сондықтан да алдағы желтоқсан айында Басқұдық, Атамекен ауылдық округтері мен Дәулет селосында 280 орындық балабақша ашылады деп жоспарланған. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Г.Әбдіхалықова жекеменшік «Рахат» балабақшасының жұмысымен танысқан соң, балабақша құрылысына қатысты саланы дамытуда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігін белсенді әрі ұтымды пайдалану керек екеніне айрықша тоқталды.
«Қазіргі кезде елімізде жүзеге асырылып жатқан жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша соңғы үш жылда Маңғыстау облысында 9,6 млрд. теңге жұмсалды. Ал, биыл 2,6 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 200 млн. шағын несиелер беру қарастырылған. Облыстағы 25 мың өзін-өзі қамтамасыз ететін азаматтың 9 мыңының айлық табысы жоқ»,-дейді Г.Әбдіхалықова.
Республикада жастар жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құраса, Маңғыстауда екінші тоқсанның қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 6,7% болып отыр.
«Әлеуметтік жұмыс орындары мерзімі аяқталғаннан кейін тұрақты жұмыс табу да проблемаға айналып отыр. Облыс бойынша мұндай орындарға жастардың небәрі 36 пайызы, Түпқараған ауданында - 21 пайызы, Бейнеу ауданында - 22 пайызы ғана жұмысқа орналасқан. Ал 28 жасқа дейінгі әйелдер арасында жастар жұмыссыздық көрсеткіші (10,6 пайыз) орташа республикалық көрсеткіштен 2 есе жоғары»,-деді Дәулет Арғандықов.
ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Тахир Балықбаевтың айтуынша, облыста білім саласында шешімін таппаған мәселелер жеткілікті. Сондықтан да апаттық жағдайдағы және үш ауысымдық мектептердің санын азайту, оқу-өндірістік базалар және кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында оқытудың дуальды жүйесін енгізу, білім инфрақұрылымының дамуындағы жеке сектордың қатысуына, жоғары оқу орындары ғылыми потенциалын дамытуға ерекше назар аудару керек екеніне ерекше тоқталды.
Дереккөз: Қазақпарат