Қазақстанның Даму Банкі есебінен 18,9 мың тұрақты жұмыс орыны құрылды
2014 ж. 07 қазан
1539
0
Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Қазақстанның Даму банкі» акционерлік қоғамы мен «Маңғыстау облысының мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аймақтық орталығы» акционерлік қоғамының таныстыру рәсімі болып өтті.
Қаржы институтының тұсаукесер рәсімінде «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамының атқарушы директоры С.Суханов банктің несиелік құралдарымен және қызмет түрлерімен таныстырды.
- «Қазақстанның Даму банкі» акционерлік қоғамы инфрақұрылымдар мен шикізаттық емес экономикалық секторларды дамыту жөніндегі қаржы институты ретінде 2001 жылы құрылды, - деді Сабит Негметұлы. - Атап айтсақ, банк өңдеу және инфрақұрылымдық салаларды, экспорттық операциялар мен лизингтік келісімшарттарды қаржыландырады. Олардың ішінде инфрақұрылымдар нысандары (энергетика, транспорт, телекоммуникация, туризм), өңдеу өнеркәсібі өндірістері (металлургия, химия, мұнай-химия, фармацевтика, машина жасау, транспорт және тағы басқалар), инвестициялық жобалардың шеңберінде ауыл шаруашылығы шикізаттарын тасымалдау, оларды өңдеу және дайын өнімдерді өткізу жөніндегі өндірістерді қоса алғанда, ауыл шаруашылығы өндірістері бар. Қаржы институты инвестициялық жобаларды орта және ұзақ мерзімді кезеңге қаржыландырады. Несиенің ең төменгі мөлшері - 30 млн. АҚШ доллары, несие 5 жылдан аз емес мерзімге беріледі, алайда компания инвестициялық жобаны іске асыруға оның құнының 20 пайызынан кем емес қаражатпен қатысуға тиіс. Экспорттық операцияларды несиелеудің ең төменгі мөлшері - 5 млн. АҚШ доллары, несиенің мерзімі экспорттық операциялардың шарттарына байланысты 5 жылға дейін белгіленеді. Сондай-ақ инвестициялық жобалардың шеңберінде ағымдағы қызметте қаржыландырылады. Несиенің ең төменгі мөлшері -1 млн. АҚШ доллары, ол инвестициялық жобаны қаржыландыру мерзімінен аз кезеңге беріледі. Сонымен қатар лизингтік келісім-шарттар банкінің «ҚДБ-Лизинг» акционерлік қоғамымен 1 млн. АҚШ долларынан бастап, банкпен 30 млн. АҚШ долларынан бастап 3 жылдан кем емес мерзімге несиеленеді.
Банк өзінің 13 жылдық қызметі ішінде мемлекет экономикасына 8,6 млрд. АҚШ долларын тартты. Қазақстанның Даму Банкінің инвестициялары есебінен 75 инвестициялық жоба пайдаланылуға берілді, 18,9 мың тұрақты жұмыс орындары құрылды. Қазақстанның Даму Банкі мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының негізгі операторларының бірі болып табылады. Банктің 80 пайыз несие қоржыны индустриялық-инновациялық даму жобаларын құрайды.
Қазақстанның Даму Банкі берген несие көлемінің 60 пайызы - бұл мұнай-химия, мұнай өңдеу және металлургия салаларындағы жобалар. Жобалардың көпшілігі Атырау (41 пайыз), Павлодар (41 пайыз) және Оңтүстік Қазақстан (7 пайыз) облыстарында жүзеге асырылды. Маңғыстау облысында «Қазтеңізтрансфлот» Ұлттық көлік компаниясы», «Қазтрансгазаймақ», «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» Ұлттық компаниясы», «Ақтау халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамдары мен «Ақтау темір құю зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің индустриялық-инновациялық және инвестициялық жобаларын қаржыландырды.
Қазір компания Маңғыстау облысының Ақтау қаласында автовокзал салу, ауысымына 500 адам қабылдайтын емхана тұрғызу, 300 орынға арналған көп профильді аурухана пайдалануға беру, балалардың мектепке дейінгі мекемелерін салу сияқты концессиялық жобаларды қолға алып отыр.
Кездесу соңында Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы «Қазақстанның Даму банкі» акционерлік қоғамымен және «Маңғыстау облысының мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аймақтық орталығы» акционерлік қоғамымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
Дереккөз: Қазақпарат.