Кәсіпкерлердің көмегімен мешіт ашылды
2014 ж. 08 қазан
1694
0
Құрбан айт Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Құрық ауылындағы мұсылмандар үшін ерекше болды. Қасиетті мейрам құрметіне мешіттің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды облыс әкімдігі.
Бұл мұсылман қауымының рухани үйінің құрылысы өткен жылдың Құрбан айт мейрамында басталған. Оған Біріккен Араб Әмірлігінің Қызыл жарты ай қоғамы демеушілік жасап, 178 мың АҚШ долларын бөлген. Аудан әкімдігі, Құрық ауылының қайырымды азаматтары мен кәсіпкерлері де бұл игілікті істен тыс қалмай, мешіт құрылысын жылдамдатты. Нәтижесінде оның ашылуы қасиетті мерекемен тұспа-тұс келді.
Бір мезгілде 450 адам намаз оқи алатын мешітте ер адамдар мен әйелдерге арналған залдар, бас имамның бөлмесі бар. Қарақия ауданының бас имамы Жеңіс Құлбайұлының сөзіне қарағанда, бұрынғы мешітке тек 50 адам ғана сиятын. Мешіттің ашылу салтанатына бүкіл Құрық ауылының тұрғындары жиналды. Жұрттың қуанышына ортақтасуға келген облыс әкімі Алик Айдарбаев халықты Құрбан айт мейрамымен құттықтап, сауапты істі қолға алған азаматтарға ризашылығын білдірді.
«Құрметті жамағат! Мұсылман қауымының ең ұлық мерекесі - Құрбан айт құтты болсын! Бүгін өлкеміздің рухани болмысына жаңа серпін берер ізгілікті шараның - жаңа мешіттің ашылуына жиналып отырмыз. Осындай сауапты істің бастамашысы болып отырған ер-азаматтарға алғысым шексіз. Аудан бойынша бұрын Жетібай мен Сенек ауылдарында мешіттер болса, бүгін он мыңға жуық тұрғыны бар Құрық ауылындағы жаңа ашылған имандылық үйі рухани білім ошағына айналуына тілектеспін», - деді облыс басшысы.
Дереккөз - Қазақпарат.