Маңғыстауда шағын және орта кәсіптің үлесі небары 18% ғана, деді Елбасы
2014 ж. 02 қазан
1671
0
Елбасы Маңғыстау облысының кәсіпкерлерімен және жұртшылық өкілдерімен кездесті. Мемлекет басшысы өз сөзінде облыстың орналасу аумағын тиімді пайдалануға бағытталған инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуына назар аудара отырып, өңірдің оң сипатта дамып келе жатқандығына тоқталды.
- Ақтау теңіз портының жүк өткізу қуаты 12,5 миллионнан 16 миллион тоннаға дейін ұлғайтылды, ал 2020 жылға қарай оның көлемі жылына 22 миллион тоннаға дейін жеткізілетін болады. Иран жыл сайын 6 миллион тонна астық сатып алуға дайын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті сондай-ақ әзербайжандық капиталдың қатысуымен Ақтауда жүзеге асырылып жатқан логистикалық орталық құрылысының жобасы Қазақстанның барлық тұтынушылары үшін сапалы әрі арзан жеміс және көкөніс өнімдеріне жол ашатынын атап өтті.
- АЭА 2002 жылы құрылды, ал оның инфрақұрылымы тек 2009 жылы ғана салына бастады. Алғашқы алаңы 2012 жылы берілді, оған 7 миллиард теңге бюджет қаражаты жұмсалды. Алайда, АЭА аумағында тіркелген 31 жобаның бүгінгі таңда тек 5-еуі ғана жұмыс істейді. Ондағы кәсіпорындар 220 миллиард теңгеден астам соманың өнімін шығарып, 10 миллиардқа жуық салық төледі, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті облыстың өндіруші өнеркәсібінің мамандануын кеңейтудің маңыздылығына назар аударды.
- Маңғыстау облысында уранның, стронцийдің, марганецтің, мыстың, минералды тұздардың едәуір кені бар. Олардың көпшілігі барланған, бірақ өндіріліп жатқан жоқ. Түптеп келгенде, олар металлургиялық өнеркәсіптің бірқатар бағыттарына, жаңа индустриялық-инновациялық жобалар жасауға қажетті әлеует бола алады. Өңірдің экономикасы әзірге мұнай өндірісіне сүйеніп тұр, бұл ретте шағын және орта кәсіптің үлесі небәрі 18 пайыз ғана. Соған орай біз өзге салаларға да көбірек көңіл бөлуге тиіспіз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осыған орай Мемлекет басшысы мұнай өндірісімен байланысты емес салаларды, атап айтқанда, логистика, транзит, сервистік қызмет және туризмді дамытудың қажеттілігін айтты. Қазақстан Президенті арнайы жұмыс тобын құрып, Үкіметте алдын ала талқылап алу арқылы Кендірлі аймағын және басқа да тартымды аудандарды дамыту бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды.
- Облыс жылына 20 мың тонна ет тұтынады, ал өндіретіні 5,5 мың тонна ғана. Өңірде жылына 500 тонна балық ауланады, ал сұраныс - 5 мың тонна. Бұл ретте көрші Атырау облысы көкөніс, жеміс-жидек және етті қоса қамтығанда, барлық қажетті өнімдермен өзін өзі қамтамасыз етіп отыр, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті облыста туу мен өмір жасының ұзақтығына қатысты жақсы көрсеткіштер байқалып отырғанын, ана мен бала өлімі төмендегенін атап айтты.
- Алайда, дәрігер мамандармен қамтылу деңгейі орташа республикалық көрсеткіштен 20 пайызға төмен. Балабақшадағы орын тапшылығы 12 мыңды құрайды, бұл - ел бойынша нашар көрсеткіштің бірі. Ал облыс басқа өңірлер мен көршілес мемлекеттерден келетін халық саны жағынан республикада алдыңғы орында, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы көші-қон ағынын басымдығы бар өзге өңірлерге бұру үшін Үкімет қажетті жағдайлар жасауы керектігін айтты.
Дереккөзі - Қазақпарат.