Жаңбырбай Доспаев: «Кәсіпкерлер құқығы жер мәселесінде тапталып жатады»
2014 ж. 29 қыркүйек
2792
0
Маңғыстаудағы бизнесті дамытып, кәсіпкерлердің қатарын көбейту басты назарда тұр. Оған дәлел ретінде аймақтағы индустриалды аймақтардың көптеп салынуының жоспарлануы, зауыттардың ашылуын айта аламыз. Маңғыстауда мұнай саласына жұмысқа кіремін деп дікеңдемей, белгілі бір істі кәсіп етіп, нанын тауып жүрген кәсіпкерлер туралы Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Жаңбырбай Доспаевтан сұрадық. Аймақтың бас кәсіпкері біздің сауалдарымызға қысылмай жауап берді.
Кәсіпкерге қызмет көрсету орталығы ашылады
Жақында ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Шағын бизнеске арналған 100 жоба» кітабын шығарды. Кітаптағы грамматикалық қателерден бұрын, ұсынылған идеялардың дені Маңғыстауда кәсіп бастаймын дегендер үшін тиімді емес. Аталған кітап бойынша бизнес бастаймын деп келгендер болды ма? Аймақ кәсіпкерлері үшін кітап қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?
- Иә, кітап Маңғыстауда дайындалмағандықтан 100 жобаның бәрі сәйкес келмейді. Бұл кітап орталықта (бұл жерде- ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы - авт) шығарылған ғой. Біз ол кітаптарды таратып жатырмыз. Кітап ішіндегі идеялар бойынша жұмыс жасаймын, осымен айналысамын деп келетін кәсіпкерлер бар. Бірақ олар осымен айналысамын дегенімен, банк оған несие немесе қажетті құжаттарды дайындап бермейді. Сондықтан бізге келеді. Ал бізде олардың жобаларының жасақталуына көмектесіп, толықтырып беретін білімді, тәжірибелі мамандар бар.
Қазір барлық кәіпкерлерге көмек беру мәселесі қарасытырылып жатыр. Идеясымен не болмаса екі ойлы болып келушілер көп. Осыған байланысты Маңғыстау облыстық әкімшілігі өздерінің жанынан ғимарат бергелі жатыр. Біз ол жерге кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын ашамыз. Сол жерге келген кәсіпкерлерге құжаттарын дайындауда көмек берілетін болады.
Егер мекеме ашу, мөр жасау, жоба жасау, қызметтік қолдау керек болса - осының бәрін сол жерде жасай алады. Сонымен қоса, несие керек болса, несие де беріледі. Екі банктың қызметкері келіп отырады, микронесие ұйымдарының өкілдері де отырады. Кәсіпкерлердің құқығын сотта қорғау да қарастырылып отыр.
Өзіңіз атап кеткен кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесіне тоқталсақ. Кәсіпкерлердің құқығы бұзылатын жағдайлар қандай? Қандай жәйт жиі кездеседі? Құқығы бұзылған кәсіпкерлердің статистикасы бар ма?
- Кәсіпкерлердің құқығы көбінесе жер мәселесіне келгенде тапталып жатады. Жер қатынастары бөлімінде көбінесе шешімін шығарып бермей жататын кездер жиі болады. Құжатты рәсімдеп, құрылысқа рұқсат қағаздар алу жедел берілмейді. Бұл жерде коррупция байқалады. Арыз түскеннен кейін 1-2 ай жауап бермейді. Былтырдан бастап ҚР Ұлттық кәсіпкерлер орталығына қоғамдық мониторинг жүргізу міндеті берілген. Былтыр мемлекеттік қызмет көрсетудің 30 түріне мониторинг жүргіздік. Мониторингжүргізу барысында қандай жағдайда құқықтары бұзылатындығы анықталды. Жоғарыдағыларға бұл туралы ұсыныс бергенбіз. Биыл осы мониторингті 40-қа көбейтті.Алдағы уақытта оны да өткізгелі жатырмыз.
Құқығының тапталғандығына кәсіпкерлер ғана емес қарапайым тұрғындарға дейін арызданып жатыр. Соған қарағанда бізге сенім артып келеді. Тағы бір айта кететін жайт - «правопримерительная практика» деген бар. Бұл - салық, кеден департаментінің қызметкерлері заңды дұрыс түсінбей, бұрмалап қолданған кездер. Заңда нақты жазылмаған жерлер кездеседі. Осыған байланысты ұсыныс та тасталды. Тіпті ірі компания «Қаражамбасмұнай», «Маңғыстаумұнайгаз» мекемелері де бізге осы мәселе бойынша байланысқан кездер болды. Мысалы, салық мәселесі. Әр жер қойнауын пайдаланушы компания түскен пайданың 1 пайызын жергілікті Қазақстанның азаматын маман ретінде даярлауға бөлуі керек. «Қаражамбасмұнайгаз» компаниясы алғашында мұнайды өндірген кезде түскен түсім аз болды. Ол кездері жылына 250 мың доллар аударса, қазір олардың табысы үлкейді. Енді келісімшартқа сәйкес бір пайыздық мөлшерлемені маман даярлауға аударайын десе, салық комитеті алғышында төлеп жүрген 250 мың долларға салық салмай, ал қосымша бөлінген қаражатқа салық салып отыр. Компания персоналдарын дайындау, кәсіптік біліктілікті көтеру үшін қызметкерлерін оқытуына да салық салынып отыр. Осы мәселеге қатысты құзырлы органдарға ұсыныс берілді. Бұл жалғыз «Қаражамбасмұнайгаз» ғана емес барлық ірі компанияларының басында бар жағдай.
Сонда сіздердің ұсыныстарыңыз заңға өзгеріс әкеледі ме?
- Иә, өзгеріс алып келеді. Өйткені сауатты білімді жастар бізге керек. Мәселен соңғы кездері қайырымдылықпен айналысқысы келетіндер қатары көбейіп келе жатыр. Бірақ қайырымдылық туралы заң жоқ. Егер сен қаражат арқылы мұқтаж жанға көмектескің келсе, салық төлеуің керек. Бір миллион қайырымдылыққа берсең 2-3 млн теңге салық төлеуің керек. Оны адамдар белгісі келмейді.
Туризм саласындағы топ менеджерлерді дайындау керек
Кәсіпкерлердің арасында туризмді саласында бизнес жасауға құлықтылар кездесті ме? Кендірліні дамытуға назар аударылып жатыр. Сіздің палата тарапынан не болмаса кәсіпкерлер тарапынан Кендірлі жобасына үлес қосатын ұсыныстар бар ма?
- Кендірлі аймағына қатысты ұсыныс беруге болады. Маңғыстаудағы туризм дамыған. Жаз мезгілінде пәтер табылмау немесе қонақүйлерде орын болмауы осыны көрсетеді. Кәсіпкерлік палатасы туризм саласын дамытуға қатысты өткенде 3 күндік тренинг өткіздік. Сол кезде тренинг өткізуге келген маман Ақтауда 3 күн бойы жүріп туризмді дамытуға қатысты олқылықтарды айтты. «Мен 3 күн бойы қонақүйде болдым. Бірақ қонақүйде орын болмады. Теңіз жағасындағы кафелерді бизнестің қалай дамып жатқандығын көру үшін кіріп не тамақ жеуге болады десем борщ деп жауап берді. Борщ қазақтың ұлттық тамағы емес қой. Бұл жердегі кәсіпкерлердің кімге еліктейтінін түсінбеймін. Ол кафедегілер сіз мына балықты міндетті түрде жеуіңіз керек деп неге айтпайды? Ол мейлі дәмсіз болсын. Бірақ мен осындай дәстүрлері бар екен деп айтып барар едім ғой» деді. Оның сөзінше бізде қонақүйде келген қонақты күтіп алу мәдениеті қалыптаспаған. Осыған байланысты топ менеджер қажеттілігі бар. Барлығы даяшы дайындау керек дейді. Даяшы емес, топ менеджерлерді дайындау керек.
Бірақ, расын айтқанда, Маңғыстауда тіпті Қазақстанда мықты топ-менеджер дайындау мүмкін емес секілді...
- Біз осыған байлданысты кәсіпкерлермен келісіп белгілі бір маманды оқытуға көмектескен жағдайда ол маман оқуын аяқтап келген кезде дайын кадрды кәсіпкерге де көмек көрсете алады деген ұсыныстар айтып жатырмыз.
Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Рысгүл Рамазанова.