Дін мен дәстүр бірлігі – ұлт болашағының кепілі
2014 ж. 27 қазан
5989
1
Ақтауда Маңғыстау облыстық Дін істер басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында «Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Дін және қоғам» тақырыбында семинар конференция өтті. Ауқымда шараға Астана қаласы әкімдігінің «Дін мәселелерін зерттеу Орталығы» КММ директорының орынбасары Есбосын Смағұлов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы, сондай-ақ, ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы Смайыл Сейтбеков, облыстық дін істері басқармасының басшысы Ерлан Есбергенов, облыс әкімі жанындағы дін мәселесі жөніндегі Кеңес мүшелері, Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, Дін мәселесі жөніндегі АНТ мүшелері, білім саласы қызметкерлері қатысты. Жиында ұлттық дін мен дәстүр танымын жастар санасына сіңіру, имандылық туралы шараларды жиі өткізу, мектептерде пән ретінде қарастырылған дінтану сабағын жаңаша бағытта жаңғырту, ұстаздардың діни сауатты болуы мәселелері сөз болды.
Үш топқа бөлінген аудиторияда білім саласы қызметкерлері, ақпараттық насихат тобы қызметкерлері және дінтану пәні мұғалімдеріне арналып семинар тренингтер жүргізілді. «Жаңа діни қозғалыстардың әрекеті және Қазақстанның рухани қауіпсіздігі» тақырыбында баяндама жасаған Есбосын Меркешұлы тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде Ислам дінін ұстанушылардың саны көбейгенін, алайда Ислам атын жамылған ағымдардың қой терісін жамылған қасқыр іспетті өз ықпалдарын жүргізуге тырысып әрекет етуде екендігін айтты. Әйтсе де мұндай әрекеттер мемлекет тарапынан реттеліп, арнайы Заң бойынша тоқтау салынып отырғанын екендігін жеткізді.
«Бүгінгі таңда еліміздегі дін саласында туындап жатқан сұрақтар өте көп. Теріс пиғылды діни ағымдардың кетіп жатқан жастарымыз да аз емес. Әрине мұның барлығы азаматтарымыздың, соның ішінде жас буынның діни тұрғыда сауатының төмен болуы, рухани иммунитетінің әлсіз болуы-бірден бір себеп болып отыр. Сондықтан білім беру саласында жүрген мамандар мен мұғалімдердің, дін мәселесі сұрақтары бойынша құрылған ақпараттық насихат тобы мүшелерінің дін саласындағы білімі мен біліктілігін арттыру маңызды болып отыр. Сондықтан да үлкен форматта семинар-конференция өткізуді қолға алдық»,-дейді «Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің Президенті, шараны ұйымдастырушы Жақсыгүл Махамбетова.
«Дін мен дәстүр бірлігі – ұлт болашағының кепілі» атты баяндамасында Айнұр Әбдірәсілқызы діни мүдде мен ұлттық мүдде жайында тоқталып, ұлттық құндылықтар мен дін қағидалары бір-бірінен бөлек қарастырылса, тарих сахнасынан алдымен тұтастай буын, соңынан біртұтас ұлт жоғалатындығын, дін мен дәстүр байланысы терең тамырлы екендігі жайында сөз қозғады.
«Дін – рухани мәдениет феномені, ол қоғамдағы кез келген феноменнен анағұрлым бай, маңызды және ықпалды. Дін мәселесін дінилендіру де, зайырландыру да емес, руханиландыру қажет. Бізде осы мәселеге қатысты біржақты көзқарастар белең алуда. Дін мәселесін руханиландыру орнына зайырландыру кері нәтиже береді. Дін өлуі мүмкін, бірақ ешқашан зайырланбайды. Дінді руханиландыру арқылы мәңгілік идеяларға, зайырлылық идеяларына пайдалануға болады. Сол арқылы барлық жоғалтқанымызды түгендеп, мызғымас құндылықтар қалыптастыра аламыз»,- дейді Айнұр Әбдірәсілқызы өз баяндамасында.
Айнұр Әбдірәсілқызының айтуынша мектептерде пән ретінде жүргізілетін дәнтану сабағында бірізділік қалыптаспай отыр. Және дінтану пәнінің түсу ұпайының төмендігі салдарынан жоғары білім алуға талаптанған бірқатар ұпайы төмен үміткерлер кез келген бір мамандық бойынша оқуға түсу мақсатында осы пәнді таңдайтынын атап өтті. Бұл онсыз да күрделі бағдарламаны игеруде ықылассыздықтың қосылып, жалпы аудиторияның деңгейін төмендетуге алып келетінін алға тартты.
«Қорыта айтқанда, қазіргі Қазақстандағы дінтанулық білім бағыттылығы жөнінен бірізділендіруге, мазмұны тұрғысынан байытылуға тиіс. Дінтанулық білімнің динамикалылығын арттыру, қасаң көзқарастардан арылту, тәжірибелік курстар санын көбейту шараларын жүзеге асыру нәтижелі болмақ. Діни және дінтанулық білім бағыттылығы жөнінен бір-бірінен ажыратылғанымен, түпкі мақсаты бір. Ол-дін туралы түсінікті дұрыс қалыптастыруға, шетін көзқарастардан сақ болуға, өзге діндер мен сенімдерге құрметпен қарауға, дәстүрлі рухани құндылықтарды қадірлеуге, «имандылық» ұғымын дұрыс түсінуге және бағалай білуге жетелеу. Сондықтан заман талабына сәйкес діни және дінтанулық білімнің ортақ мақсатқа тиімді түрде бірлесе қызмет етуінің жан-жақты мүмкіндіктерін жете қарастырған жөн. Сонымен қатар «Дінтанушы» ғаламтор сайтын, «Дінтану» ғылыми-әдістемелік, танымдық журналын ұйымдастыруды қолға алып, жұмыстанып жатырмыз»,-дейді А. Әбдірәсілқызы.
Семинарда сөз алған Мұнайлы ауданындағы №7 мектептің дінтану пәнінің мұғалімі Д. Тлепова білім ордаларында кітаптардың тапшы екенін сөз етті. Оның айтуынша, әр мектепке дінтану сабағына арналған 5 кітап ғана бөлінгендіктен оқушыларға тақырыпты жан-жақты, тереңірек жеткізу қиындық туғызып отыр.
«Біздің мектепке бөлінген небәрі 5 кітап ғана. Оның біреуін өзім сабаққа дайындық барысында пайдаланамын. Әр сыныпқа бір кітаптан ғана келеді. Сондықтан да бізге берілген уақыт лекция жазуға, түсіндіруге кетеді. Бұл өз кезегінде дінтану пәнін тереңірек оқытуға кесірін тигізіп отыр»,-дейді Дәметкен Тлепова.
Дін атын жамылып, дәстүрлі құндылықтарға сына қағып жүрген қазіргі жат ағымдардың бірі – сәләфизм жайында облыс имамы Смайыл Сейітбеков «Сәләфия ағымының адасқан тұстары» тақырыбында қазіргі кездегі сәләфилік ағымның тармақтары және олардан келетін қауіп қатер, сәләфилік идеологиясының қазақ руханиятына зияны жайында әңгімеледі.
«Сәләфилік ағым ислам дініндегі қауіпті діни саяси ағымның бірі. Сәләфилердің ең басты ұстанымы намаз оқымаған, исламның парыздарының бірін орындамағанды кәпір санауы. Оларға қанша насихат айтып, теологтармен жүздестірсең де олар осы пікірлерінен қайтпайды. Сәләфилер өзара төрт топқа бөлінеді: мадхали, сурури, жиһади, такфир. Соңғы үшеуі радикалды болып танылады. Қазіргі таңда өздерінің теріс пиғылды пікірлерін тарату істерімен қарқынды жұмыс жасап отырған ағым-мадхалиттер. Олар алғашқы уахабшыларға қарағанда аз да болса жұмсақтық танытады. Сондай-ақ, үлкен күнә жасағандарды кәпір санағандарын ашық жарияламайды, бірақ мазхабқа еруді адасушылық санатына жатқызады», - деді өз баяндамасында С. Сейітбеков.
Жиынға қатысушылар пікірлері мен ұсыныстарын жеткізе отырып, бүгінгі күнде келешек ұрпақтың алдында ұятқа қалмау үшін келелі істер істеп, дінге адал қызмет етіп, ұлтты имандылыққа ұйыту жолында бірлесе жұмыс жасаудың маңызды екендігіне тоқталды. Семинарға қатысушылар жан жақты, толыққанды ақпараттарға қанығып, қазіргі кезде ағымдар мәселесі, олардың ара жігін ажырату, мазхаб ұстанудың ел бірлігі үшін қажеттігі, т.б. тұщымды жеткізілген баяндамалармен танысты. Сондай-ақ, конференцияда Қазақстандағы діни ұлттық бірігейлену мәселесі қозғалып, еліміздің рухани қауіпсіздігі, қазіргі жай күйі және келешегі жайында ой пікірлер ортаға тасталып, ұсыныстар айтылды. Жиынға қатысушылардың барлығы ұлт бойындағы жоғалмаған рухани әлеуетті пайдаланып, жат мәдениет ықпалына көзсіз ермей, радикалды идеологияның жетегінде кетуге қарсы тұратын бірден бір күш – қазақы дәстүрлі құндылықтарымызды берік ұстануға шақырды.
Венера МИРЛАН, Маңғыстау облысынан