Ақтау мен Жичжао арасында байланыс нығая түспек
2014 ж. 23 қазан
1602
0
Ақтау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбай Аққұлов Қытай Халық Республикасы Жичжао қаласынан келген бір топ ресми делегацияны қабылдады. Кездесуде екі жақты байланыстың болашағы турасында әңгіме өрбіді.
Делегация құрамында Жичжао халық өкілдері мәжілісі тұрақты комитетінің басшысы Ян Цзюнь, «Жичжао порты» АҚ президенті Ду Чуаньджи, Жичжао қаласының даму және реформалар комитетінің басшысы Сунь Ли, Жичжао қаласының даму және реформалар комитетінің басшысы Цинь Сюъюнь бар.
Жичжао халық өкілдері мәжілісі тұрақты комитетінің басшысы Ян Цзюнның айтуынша, Ақтауда туристік саланы дамытуға барлық жағдай жасалған. Небәрі, 25 жылдық тарихы бар Жичжао қаласында туризм жақсы жолға қойылған. Жичжаода Азиядағы ең үлкен 9,2 шақырымдық су асты паркі бар. 2,9 млн. тұрғыны бар қалада жылына 300 мыңнан астам турист демалады екен.
«Соңғы жылдары қалада автомобиль шығаруды қолға алдық. Сондықтан да алдағы уақытта екі қала арасында спорт, білім және техника салаларын да дамытуға болады. Жалпы біздің қала жас болса да, барлық жағынан тез дамып келетінін атап өткім келеді. Екі қаланың ортақ тәжірибе алмасып, бір-бірінен үйренері көп деп санаймын», - дейді Жичжао халық өкілдері мәжілісі тұрақты комитетінің басшысы Ян Цзюнь.
Жичжао - өз-өзін қай жағынан да толық қамтамасыз етіп отырған қала. Сондықтан да алдағы уақытта екі қала арасындағы тауар айналымын жақсарту да жолға қойылмақ. Сол арқылы да қос мемлекет арасында қалыптасқан байланыстар одан әрі нығая түспек.
Кездесу барысында сөз алғандар екі қала үшін іскерлік, мәдени-рухани байланысты дамыту қай жағынан да тиімді екенін атап өтті. Мұнан кейін ресми делегация «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы мен «МАЭК-Казатомпром» ЖШС және облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жұмысымен танысты.
Венера МИРЛАН