«ҚазақГазӨңдеу» Маңғыстаудағы газ бағасын жыл соңына дейін көтермейді
2014 ж. 24 қазан
1750
0
Маңғыстаудағы газ бағасын көтеруге жол берілмейді. Бұл туралы қазанның 23-нде өткен брифингте Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Ильмұханбетова мәлімдеді.
Брифингке ҚазақГазӨңдеу зауытының басшысы Кәрім Нағманов және Ақтауда газды 45 теңгеден сатқандар жиналды. Бағаны көтерген кәсіпкерлер өздерінң газ бағасын зауыттағы кезектің дұрыс сақталмағандығына байланысты және өздеріне қажетті газ мөлшерін ала алмағандығына байланысты дейді. Кәсіпкерлердің айтуынша, олар осылайша жергілікті билік органдардың назарын аударғысы келген.
- Бізді ешкім тыңдамайды. Газ бағасын бізге назар аударсын деп көтердік. Газ алу үшін заңдастырылмаған тізім болды. Біз ол тізім бойынша газ алумен келіспедік. Тізім бойынша мен 300 тонна газ алуым керек болған. Бірақ мен 140 тонна ғана алдым. Ал менің газ орталығыма 300 тонна қажет. Осыған байланысты мен шығынға батып отырдым, - деді «Марал» газ орталығының иесі Амангелді Бозжігітов.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Ильмұханбетова бұл проблеманың шешілгендігін айтты.
- Басында газ алу үшін тізім жасақталған. Кейін тізім бойынша емес газ алуға келгендердің кезегі бойынша жіберіп, одан соң қайтадан тізімге көшкен. Жыл басында бізде 109 кәіпкер болса, қазір олардың саны 134-ке жетті. Біз ҚазақГазӨңдеу зауытының басшылығыменк келісіп, кезек мәселесіне қатысты келісім жасадық. 24 қазаннан бастап зауыттан газ алу газ тізім бойынша емес газ алуға кезекке тұру бойынша жіберілетін болады. Бұл процесті ҚазақГазӨңдеу зауытының басшылығы бақылайтын болады,- деп мәлімдеді Шолпан Ильмұханбетова.
ҚазақГазӨңдеу зауытының басшысы Кәрім Нағманов жыл соңына дейін зауыт газ бағасын көтермейтіндігін айтты.
Естеріңізге сала кетейік осыдан екі апта бұрын ақтаудағы газ бағасы тағы да көтеріліп, 1литрі 45 теңгеге жеткен болатын. Маңғыстау облыстық әкімшілігінің жанынан құрылған жедел штаб өкілдері газ бағасын 3-4 күн ішінде тұрақтандырған еді.
Брифинг барысында айтылғандай, Маңғыстауда газ сұранысы артып келеді. Өйткені облыс бойынша айына 150 көлік газбен жүру режиміне ауыстырылады екен.